387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында алаяқ әйелге іздеу жарияланды

  • 316
  • UPD: 11:51, 21.08.2019

Жамбыл облысының тәртіп сақшылары бірнеше рет алаяқтықпен тұрғындарды алдап кеткен Айгүл Ниязоваға іздеу салады.

Құзырлы орган қызметкерлері күдіктінің бірнеше рет жалған некеге отырғанын айтып отыр. Алаяқтың таңдауы көп жағдайда егде жастағы ер адамдарға түсіп отырған. Кейін туысын жұмысқа тұрғызуға не мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алуға қажет деп ақшасын алады. Мақсатына жеткен соң ізін суытып кетеді. Күдіктіні көрген жан болса 8(7262) 43-05-22, 43-06-78 немесе 102 номеріне хабарласуы сұралады.

Ертіс өңірінде бекіре тұқымдас балықтарды аулаған адамдар ұсталды. Әккі балықшылар өзен вокзалы маңындағы көлдегі рейдтік жұмыстар барысында құрықталды. Аумақтық инспекция мамандары оқиға орнынан 6 келіден астам бекірені тәркілеп алды. Осы іс бойынша полиция қызметкерлері тергеу амалдарын бастады. Кодекстің 335-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, жыл басынан бері бекіре тұқымдас балық аулау бойынша үш дерек тіркеліп отыр. Салдарынан мемлекетке екі млн теңгеге жуық шығын келтірілген.

Қарағанды облысының Жәйрем кентінде жанжал шығарған 7 азамат қамауға алынды. Оларға бұзақылық жасады және өзгенің мүлкін ұрлады деген айып тағылып отыр. Естеріңізге сала кетейік, 12 тамыз күні Жәйремдегі кен байыту комбинаты жұмысшыларының арасында төбелес болып, бірқатар шетел азаматы жарақат алған болатын. Оқиға орнына облыс әкімі мен тәртіп сақшылары жедел жетіп, жұртты сабырға шақырған-ды. «Қазір жағдай тұрақталды. Айыпталушылар кінәларын толық мойындады» деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жаңаөзен қаласында тал түсте қызық жағдай болды. Жолда келе жатқан жапондық жүрдек көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, машинасын аударып тастайды. Алайда, сол жерге достарын шақырып алған азамат Эф Джи Крузерін көтеріп, төрт дөңгелегіне қояды. Оталдырып алған соң оқиға орнынан қашып кетеді. Куәгерлер түсіріп алған әуесқой түсірілімді қараған полицейлер көп ұзамай кінәлі тұлғаны тапты. Оған қарсы әкімшілік хаттама толтырылды.

Ақтаулық тұрғыннан ұрлаған ақшасын сұғанақ қолды қайтарып берді. 24-шағын аудандағы базарға келген келіншектің сөмкесіне күдіктінің қолын сұққан сәті бейнебақылау камераға жазылып қалды. Полицияға арызданған әйелге төрт күннен соң белгісіз біреу телефон соғады. Өзін ұрының туысымын деп таныстырған. Кешірім сұрап, ақшаны қайтаратынын айтыпты. Күндіз дәмханада кездесіп, уәдесін орындаған. Сол жерде арызды қайтарып алуды сұраған. Алайда, бұған дейін бірнеше рет ұрлық жасаған тұлғаға қарсы қылмыстық іс қозғалып отыр.

Хабар 24 телеарнасы