386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда адамдарды көлікпен қасақана қағу оқиғасы тергеліп жатыр

  • 144
  • UPD: 23:07, 28.08.2019

Алматының қақ ортасында бірнеше адамды қасақана қаққан оқиғаға қатысы бар екі топ өз ойларын айтып ақталуда.

Зардап шеккен азамат рольдегілер бізді басқа біреумен шатастырып алды десе, көліктегі екі азаматтың анасы әлеуметтік желіге балаларына бөтен біреулердің шабуыл жасағанын айтып, бейнежазба қалдырды. Бұл мәліметтер тергеліп жатқан іске қалай әсер етпек?   

Бірнеше адамды жол ортасында қуалап жүріп қаққан екі көліктің ролінде ағайындылар болған. Олардың анасы Нәзира Әликееваның айтуынша, туыс бауырының туған күнін атап өтіп, кафеден шыққан оның екі ұлына танымайтын біреулер тап берген. Екі топтың ерегісінің соңы төбелеске ұласқан.

Нәзира Әликеева, айыпталушылардың анасы:

- Интернетте Тайота Авенсис көлігінің үш жігітті қаққан бейнежазбасы шықты. Ал оған дейін не болғаны түсірілмеген. 25-і күні туыс бауырының туған күнін атап өтуге караокеге барады. Сол жерден  шыққан оған белгісіз біреулер тиіскен. Олардың жасы менің ұлымнан әлдеқайда үлкен.

Оқиғадан зардап шеккен Сергей Хан қазір ауруханада ем алып жатыр. Аяғы мен қолы сынған оған дәрігерлер операция жасаған. Ол бүгін журналистерге сұхбат берді. Оның айтуынша, көліктегі азаматтар бұларды басқа біреулермен шатастырған болу керек.

Сергей Хан, зардап шегуші:

- Көрші ғимаратта көңіл көтеріп отырған азаматтар өзара бір нәрсеге келіспей қалған сияқты,  бұл уақытта біз дүкеннен шыққанбыз. Содан бізге қарап дауыс көтеріп,  балағат сөздер айта бастады. Біз де қарап тұрмадық. Ерегес ұлғайып, жолға шығып кеттік. Екі жігіт көлікке отырып, жолда бізді қорқытпақ болып айнала жүрді. Біз тоқтаңдар, жағдайды анықтайық деп айқайладық. Ақ көлік біздің алдымызға келіп тоқтай қалғанда артынан қара көлік келіп қақты.

«Қалай болғанда да қылмыс болғаны анық. Жасағандар жауапқа тартылады» дейді адвокат Есімбол Мамырханов. Бұл әрекеттің «бұзақылық» бабымен емес, «кісі өлтіруге оқталу» бабына ауыстырылуы дұрыс дейді ол.

Есімбол Мамырханов, адвокат:

- Айыпталушылардың анасының «көлікті олар өз қауіпсіздігі үшін қолданды деген желідегі пікір ақылға симайды. Бейнежазбадан анық көрініп тұр, олардың адамдарды мақсатты түрде қаққаны. Ал екінші айыпталушының құқықиқорғау органдарынан қашуы оның қылмысын үстемелейді. Дегенмен, өзі келіп, мойнына алса жеңілдік болады. Ал екі жақтың бітімгершілік жасауы мүмкін емес, бұл ауыр қылмыс болып есептеледі.

Айта кетейік, үш адамды қасақана қаққан екі азаматтың бірі қолға түсті. Аты-жөні мәлім екінші күдікті әлі іздестірілуде.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы