386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда кәсіпкерлерге қырғидай тиген блогердің соты басталды

  • 147
  • UPD: 23:06, 03.09.2019

Петропавлда автобустардың кемшіліктерін айтып танылған блогердің соты басталды. Константин Тимичевке кәсіпкерлерді қорқытып, ақша бопсалады деген айып тағылып отыр.

Константин Тимичев қаладағы қоғамдық көліктерді сынап, әлеуметтік желіде бірден танымал болды. Ол осыған байланысты біраз былықтың бетін ашып, жайсыз жайттарды жұртшылыққа жайып салды. Ескі автобустар, жолаушыларға берілмейтін билеттер, келісім – шартсыз жұмыс істейтін жүргізушілер. Қоғам белсендісі жолаушылар тасымалының «көлеңкелі» бизнеске айналғанын айтып, кәсіпкерлерге қырғидай тиген еді. Тіпті оларды қорқытып ақша сұрай бастаған.

Болат Рахимов, кәсіпкер:

- Тимичев мырза бастапқыда әділдік іздеп, қоғамның мүддесін қорғағандай болып көрінді. Содан кейін бопсалаумен айналыса бастады. Біз туралы сыни материалдар шығармау үшін ақша талап етті. 

Блогерді ұстап берген осы Болат Рахимов. Кәсіпкер оның шарттарына келіспей, полицейлерге арыз түсірген. Кейін Тимичев 286 мың теңге алып жатқан жерінде ұсталды. Тергеу барысында күдіктінің басқа да тасымалдаушылардан ақша талап еткені анықталды. 

Қазбек Ғалымжан, мемлекеттік айыптаушы:

-Тимичев Семенованың кеңсесіне келіп, бухгалтерге 1 млн 520 мың теңге жіберуін айтып, карточкасының нөмірін қалдырып кеткен. Кейін оның шотына 110 мың 600 теңге түседі. 

Прокурордың айтуынша, ол әр автобустан күніне 200 теңгеден талап еткен. Оның айтқанына көнгендердің бірі Галина Семенова. 

Галина Семенова, жолаушы тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы:

- Ол бұрынғы жүргізуші ретінде кейбір кемшіліктерді білді. Бірақ оны бізге көмектесу үшін емес, пайда табу үшін қолданды. Бір сөзбен айтқанда, бәрімізді қорқыта бастады. 

Күдікті кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ ақшаны алғанын растап отыр. Енді оның ақ-қарасын сот шешеді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы