386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде сәбидің миы шайқалған балабақша БАҚ өкілдерін жолатпай қойды

  • 108
  • UPD: 12:06, 05.09.2019
Ақтөбеде сәбидің миы шайқалған балабақша БАҚ өкілдерін жолатпай қойды

Ақтөбедегі мемлекеттік балабақшалардың 60 процентіне ғана бейнебақылау жүйесі орнатылған. Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 150 миллион теңге тек 39 мектепке дейінгі мекемені қамтуға жеткен.

Ал бақшада қараусыз қалған бүлдіршіндердің белгісіз жағдайда жарақат алуы азаймай отыр. Соңғы екі ай ішінде Ақтөбеде екі бірдей бөбек балабақшадан тікелей ауруханаға жеткізілді. Өңірдегі тілшіміз Мансұр Есқожин толықтырады.

Наталья Ратникова емхана аралап, бөбегінің дертіне дауа іздеуге мәжбүр. Ертеңгілік он екі мүшесі сау баласын балабақшаға тапсырған ана, мектепке дейінгі мекемеден басын жарып қайтады деп ойламадым дейді. Бірнеше рет лоқсып, құсқан соң, жағдайды тәрбиешілерден білген.

Наталья Ратникова, П.Ратникованың анасы:

- Бірден балабақшаға барып, мән-жайды анықтамақ болғанмын. Жүрегі көтеріліп, құса берген соң, астан уланып қалды ма деген де ой болды. Бірақ біздің тәрбиешіні таба алмадым. Ал оның орнына қалған қызметкер ештеме байқамадым деді. Баламның құлағанын балабақша меңгерушісі айтты. Бірақ басымен құлаған жоқ деп ант-су ішті. 

Меңгерушінің бұл сөзін дәрігерлер жоққа шығарып отыр. Себебі бүлдіршіннің үздіксіз лоқсып, қайта-қайта құсуына бас миының жарақаты себеп болған. Сол күні-ақ Полина Ратникова облыстық балалар емханасына жатқызылды. 

Саслан Өтегенов, нейрохирург: 

- Бас миының компьютерлік томографиясы жасалды. Нәтижесінде бас сүйегінің төбе тұсына зақым келгені анықталды. Жағдайы тұрақты болғандықтан тиісті емдеу шараларын жүргізіп, амбулаториялық бақылауға жөнелттік. 

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жарақат ұзақ ем қабылдауды қажет етеді. Кемінде бір жылға дейін мамандардың бақылауында болуы тиіс. Ай мен күннің аманында мешел бола жаздаған бүлдіршіннің анасы Наталья Ратникова балабақша өкілдерін жауапқа тартуға ниетті. 

Наталья Ратникова, П.Ратникованың анасы:

- Полиция департаментіне арыздандым. Сотқа да арыз жазатын боламын. Себебі мен өз баламды қорғауым керек. 

Оқиғаның мән жайын анықтауға балабақшаға біз де барған болатынбыз. Алайда мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет етіп отырған әлеуметтік мекеменің есігінің алдынан қайтуға тура келді. 

Мансұр Есқожин, тілші: 

- Мектепке дейінгі мекеменің ғимаратына бізге кіруге мүмкін болмады. Балабақша өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін есіктен тіпті аттатпаймыз деп отыр. Дегенмен де балалардың қауіпсіздігіне бұл жерде қалай жауап беретіндігін тіпті осы жерден ақ байқауға болады. 

Бізбен ғимарат алдында тілдескен балабақша меңгерушісі Жадыра Қосжанова дер кезінде көмек көрсеттік дейді. Бірақ бөбектің басы қай кезде жарылғанын айта алмады. 

Жадыра Қосжанова, «Әсел» балабақшасының меңгерушісі: 

- Біздерде іште медбике бар. Бірінші көмек көрсетті. Баланың аяғына растирание жасап, салқын не қойып, бала қайтадан ұйықтады. Қан шығып, я басы жарылып, гематома, синяк, ондай ештеңе біз байқағанымыз жоқ. Бала после этого ойнап кетті. Кешке үйіне алып бара жатқанда, папасы айтады, құсқысы келді дейді. 

Оқиғаның ақ-қарасын бейнебақылау камералары анықтауы тиіс еді. Алайда меңгеруші құрылғының тек есік алды мен, дәліздерде ғана орнатылғандығын жеткізді. Жалпы Ақтөбедегі мемлекеттік балабақшалардың тек 60 проценті ғана бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Шенеуніктер қаржы бөлінсе 2020 жылы толықтай қамтамасыз етеміз дейді. Бұны мемлекеттік тапсырысты орындап отырған жекеменшік балабақшалар да орнатуы тиіс. 

Алмагүл Толыбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі: 

- Мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жағдайда ол жерде воспитательдердің еңбекақысы, көмекшілердің еңбекақысы, көмекшілердің еңбекақысы, коммуналдық шығындар және басқа да өзге шығындарға деп, қаражат бар. Қарастырылған. Сол қаражаттың шегінде олар бейнебақылау камераларын сатып алумен қамтамасыз етуді қарастыруы керек.

Сол күні кезекте болған тәрбиеші жұмыстан босатылды. Соған қарамастан, Полина Ратникова енді бұл балабақшаға аяғын аттап баспайтын болды. Оның үстіне күнделікті невропатолог маманның бақылауында жүр. Ал кішкентай бөбектің басына қалай зақым келгенін тергеушілер анықтауы тиіс. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы