387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада колледж студентін зорламақ болған ер адам ұсталды

  • 314
  • UPD: 02:21, 06.09.2019

Елордадағы мектептердің бірінің маңында 17 жастағы бойжеткенге тап беріп, арам ойын іске асырмақ болған күдікті ұсталды.

Оқиға таң алагеуімде болған. Қазір осы іске қатысты тергеу жүріп жатыр.

Куәгер ата-аналардың айтуынша, келеңсіз жағдай дәл осы учаскеде болған. Өзінің інісіне бара жатқан 17 жастағы қызға тап берген күдікті азамат өзінің арам пиғылын іске асыра алмай, мектептің ауласы арқылы арғы бетке қарай қашып кеткен. Бірақ та оның ізін суытпай, тәртіп сақшылары оны дереу қолға түсірді.

Нөмірі 83-мектеп-гимназиясының алдында қыз қарсылық көрсетіп, айналасындағы адамдарды көмекке шақырған. Мұны көрген куәгерлер де дауыс көтеріп, қызды құтқаруға ұмтылған соң, күдікті жасырынбақ болып, құрылыс жүргізіліп жатқан іргелес маңның қоршауынан секіріп кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша мас азаматтың елорда тұрғыны екені анықталды. Жасы 42-де. Бұрын бұзақылық жасағаны үшін істі болған.

Эльмира Шауленова, қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі:

– Нұр-сұлтан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Қазіргі ҚР Қылмыстық кодексінің 24 және 120-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Яғни кәмелетке толмаған адамға қатысты күш қолданып, жыныстық қатынас жасауға оқталу бабы бойынша. Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша сот сараптамалары тағайындалды.

Эльмира Шауленованың айтуынша, зардап шеккен қыз жеңіл жарақат алған. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Өйткені күдікті азамат бойжеткеннің бетіне соққы жасап үлгерген. Осы жағдайға байланысты ата-аналар зорлық жасауға оқталу қылмысы үшін берілетін жазаның күшейтілуін талап етіп отыр.

Людмила, ата-ана:

– Жас қызды мектеп іргесіндегі тал арасына апарып, ойындағы лас ойын іске асырмақ болғаны – әрине сұмдық жағдай. Абырой болғанда куәгерлер қызды құтқарып қалды. Зорлықшының қылмысқа таңғы уақытта оқталып, айналасындағы адамдарды көрсе де баруының өзі жағамызды ұстатқаны рас. Осыған байланысты мектебімізде қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін талап етеміз.

Ел арасында педофилия ұғымы кең таралып, қоғам дерттерінің біріне айналғалы қашан? Осыған қатысты психолог мамандар не дейді?

Зарина Штеер, психолог:

– Педофилдер бұрын да болған. Тек Кеңес одағы кезінде бұл жабық тақырыптардың бірі еді. Сол себепті жаңалықтардан көп айтпайтын. Педофил дегеніміз кімдер? Бірінші кезекте психикалық ауытқуы бар науқастар. Бірақ қоғамда олар өз дертін тереңге жасырып, ортасында тәртіпті адамдай көрінуі мүмкін.

Психолог маманның айтуынша, кез келген жәбірленуші жан зорлықшының құрсауынан құтылу үшін дауыс көтеріп, адамдарды көмекке шақыруы қажет. Тек осындай тосын әрекеттер ғана оқыс жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беруі ықтимал.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Кристина Райсвих, Асхат Қарақойшиев, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы