389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Р.Скляр: Жол апатына ұшыраған автобустың тексеру мерзімі өтіп кеткен

  • 445
  • UPD: 17:08, 16.09.2019

Теміржолда тұрған автобусты көрген пойыз жүргізушісі сағатына 97 км жылдамдықпен келе жатып 500 метр жерден тежеуішті басқан, өкінішке қарай, оқиғаның алдын ала алмаған.

«Пойыз 2434 метр жақындағанда, қалааралық дабылқаққыш құрылғылары автоматты түрде іске қосылып, дыбыстық сигнал қосылды, бағдаршамдардың қызыл түсі жанды. Өткелдегі көлік құралдарына байланысты шлагбаум толық  жабылмай қалған», – деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы комиссия құрды, оның құрамына ИИДМ көлік комитеті мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері кіреді.

«1990 жылы шығарылған Setra автобусының техникалық тексеру мерзімі 2019 жылдың 16 шілдесінде аяқталған, содан кейін тексеруден өтпеген», – дегенді алға тартты Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, «Түрксіб Астана» ЖШС тасымалдаушысының ақпараты бойынша, пойызда зардап шеккен жолаушылар жоқ.

Оқиға орнында автобус жүргізушісі қайтыс болды, тағы үшеуі жарақат алды.

Қазіргі уақытта 1986 жылғы Жәнібекова Эльвира және оның 2014 және 2016 жылдары туған екі қызы ауруханада жатыр.

Кеше, 2019 жылғы 15 қыркүйек сағат 19:08-де Алматы облысының Алматы-Отар учаскесінің Ақсеңгір-Шамалған айналымында № 43 Алматы-Қостанай жолаушылар пойызы («Түрксіб Астана» ЖШС) №456 Алматы-Қаскелең бағытындағы автобуспен (Setra маркалы) соқтығысқан болатын.

Алматы облысының Шамалған станциясында болған апатқа байланысты жедел штаб құрылды.

Осы оқиғаға байланысты Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Қазір онда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы Шамалған станциясында болған апатқа байланысты көңіл айтты.

Еліміздің бас көлік прокуратурасы Алматы облысындағы Шамалған станциясында болған апатты тергеуді өз бақылауына алды. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы да өз сайтында болған оқиғаға қатысты хабарлама жариялады. ҚТЖ зардап шеккен келіншекке материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады. Алматы-Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызы мен автобустың соқтығысуы салдарынан жарақат алған үш адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы өте ауыр. Науқастарға еліміздегі білікті нейрохирургтар көмек көрсетіп жатыр.

Шамалғандағы апат болған жерге жақын ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Ал ҚР ІІМ өкілдері пойыз бен автобус соқтығысқан жерде тәжірибелі тергеу тобы жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді.

Жалпы, бұл жерге тұрғындар бұрын көпір салып беруді сұраған екен. Қазіргі уақытта Ақсеңгір-Шамалған бағытындағы теміржол қатынасы қайта ашылды.

Айта кетейік, Алматы облысының Шамалған станциясында қатты жүріп келе жатқан пойыз өз жолында тұрған жолаушылар автобусына соқтығысып, салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Пойыздың толық тоқтауы үшін кемінде 700 метр аралықта тежегіш басылуы керек. Сондықтан бұл жағдайда апаттан қашу мүмкін болмады. Айта кету керек, бұл өткел жолды бөгейтін арнайы құрылғымен, шлагбауммен және бағдаршаммен қамтылған. Яғни барлық талапқа сай. Сәйкесінше, пойыз 2400 метрдей қашықтыққа жақындағанда автоматты түрде дабыл қосылып, бағдаршамның қызыл түсі жанды. Ал шлагбаумның түспеуі, алдын ала мәліметтер бойынша, өткелге автобустың шығып кетуіне байланысты.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ішкі істер министрі:

– Қазір оқиға орны тыңғылықты тексеріліп, автобустың қалай өткел ортасында тұрып қалғаны анықталып жатыр. Көліктің өзі сараптамаға жіберілді. Ал тепловоз Алматы-1 станциясында тұр. Осы оқиғаға байланысты 344 және 345-баптар бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Хабар 24 телеарнасы