388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шамалғандықтар күткен көпір қашан салынады

  • 292
  • UPD: 16:34, 16.09.2019
Шамалғандықтар күткен көпір қашан салынады

Бұл – Ақсеңгір-Шамалған өткелінде болған алғашқы жантүршігерлік оқиға емес.

Жергілікті тұрғындар жолдың арғы бетіне аман-есен өту үшін арнайы көпірдің керек екендігін бұған дейін айтқан.

Журналистерге берген сұқбатында министр Р.Скляр көпірдің құрылысы таяу арада басталатынын мәлімдеді.

«Осы өткел арқылы күніне 65 пойыз өтеді. 10 мыңнан астам автокөлік әрі-бері қатынайды. Иә, көпір қажет екенін білеміз. Алайда оны салу үшін өткел маңындағы 70-ке жуық жеке үй мен өзге де нысандарды сүруге тура келеді. Ал бұл бюджетке айтарлықтай шығын әкеледі. Көпірдің жобалық жұмыстары мен құрылысы келесі жылы қолға алынады. Бірақ дәл сол тұстан емес, басқа аумақтан қарастырылады», – деді ол өз сөзінде.

Жалпы, елімізде автомобиль жолдарымен тоқайласатын 1 мыңнан астам темір жол өткелі бар.

8 айда оларда 6 жол-көлік апаты болып, 1 адам көз жұмды, 15 адам зардап шекті.

Алматы облысының Шамалған станциясында болған апатқа байланысты жедел штаб құрылды.

Осы оқиғаға байланысты Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, жедел желі іске қосылды. Қазір онда Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы жарақат алғандардың жағдайы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы Шамалған станциясында болған апатқа байланысты көңіл айтты.

Еліміздің бас көлік прокуратурасы Алматы облысындағы Шамалған станциясында болған апатты тергеуді өз бақылауына алды. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы да өз сайтында болған оқиғаға қатысты хабарлама жариялады. ҚТЖ зардап шеккен келіншекке материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады. Алматы-Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызы мен автобустың соқтығысуы салдарынан жарақат алған үш адам ауруханада жатыр. Яғни 1986 жылғы Жәнібекова Эльвира және оның 2014 және 2016 жылдары туған екі қызы Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы өте ауыр. Науқастарға еліміздегі білікті нейрохирургтар көмек көрсетіп жатыр.

Шамалғандағы апат болған жерге жақын ауруханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Ал ҚР ІІМ өкілдері пойыз бен автобус соқтығысқан жерде тәжірибелі тергеу тобы жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді.

Жалпы, бұл жерге тұрғындар бұрын көпір салып беруді сұраған екен. Қазіргі уақытта Ақсеңгір-Шамалған бағытындағы теміржол қатынасы қайта ашылды.

Айта кетейік, Алматы облысының Шамалған станциясында қатты жүріп келе жатқан пойыз өз жолында тұрған жолаушылар автобусына соқтығысып, салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты.

Хабар 24 телеарнасы