389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Автобус пен тепловоздың соқтығысуы: Астана LRT мән-жайды түсіндірді

  • 304
  • UPD: 17:44, 16.09.2019
Автобус пен тепловоздың соқтығысуы: Астана LRT мән-жайды түсіндірді

Астана LRT елордада орын алған автобус пен тепловоздың соқтығысуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«13 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 06:20-да Жетіген көшесінің бойында №53 автобус пен тепловоздың қақтығысуы болды. Автобус жүргізушісі өз кезегінде жұмысын бастау мақсатында бастапқы аялдамаға бара жатқан, яғни ішінде жолаушылар жоқ. Ешкім зардап шекпеген. Қазіргі уақытта жол полициясы жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Автобус жүргізушісінің айтуынша, жол дұрыс көрінбей, қараңғы болған. Және тепловоз тарапынан ешқандай дабыл қағылмаған. Әрине, бұл жерде кімнің кінәлі екенін тергеу жұмыстарынан соң анықталады. Сондай-ақ жүргізуші тепловоз теміржолында орналасқан «Тоқта» белгісінің ережесін сақтаған, яғни алдымен тоқтап, сосын барып жүрген», – деді Астана LRT басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Сейітов.

Сондай-ақ Астана LRT өкілі алдағы уақытта теміржол бойын кесіп өтетін автобустар жолына арнайы шлагбаум қойылатынын айтты.

«Аталған оқиғаға қатысты ҚТЖ-да өз тараптарынан тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Автобусты қайта қалпына келтіруді соттың шешімінен соң, қай жақ кінәлі деп табылады, сол жақтың өкілі қайта қалпына келтіретін болады. Тағы бір айтып өтетін жайт, қақтығыс болған тепловоз теміржол бойы №53 автобустың кестесіне сәйкес келмейді. Яғни жүргізуші бос болғандықтан басқа жолмен жүруді шешкен. Егер тергеу жұмыстарының нәтижесінде жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, ол жұмыстан қуылады және қираған автобусты қайта қалпына келтіру міндеттеледі. Қазіргі уақытта ол уақытша жұмыстан шеттетілді», – деді ол.

Оның айтуынша, аталған қақтығысқа себеп болған автобус жүргізушісі Астана LRT-да 5 жыл жұмыс істеп келеді.

«Қазір біз жүргізушілердің жұмыс істеу кестесін қайта қарап жатырмыз. Бүгінде жүргізушілер 1 күн жұмыс істеп, 1 күн демалады. Нақты айтқанда күніне 12 сағат жұмыс істейді. Автобус жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының 75 пайызында олар кінәсіз болып шығады», – дейді ол.

Б.Сейітовтің сөзіне сенсек, бүгінде елордада 700-ге жуық автобус жүргізушісі жетіспейді.

Еске сала кетсек, 13 қыркүйек күні болған №53 автобус пен тепловоздың қақтығысуы әлеуметтік желі арқылы тараған болатын.

Айта кетейік, 15 қыркүйекте Алматы облысының Шамалған станциясында қатты жүріп келе жатқан пойыз өз жолында тұрған жолаушылар автобусына соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты.

Хабар 24 телеарнасы