389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда мал ұрлығымен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды

  • 210
  • UPD: 11:44, 18.09.2019
Түркістанда мал ұрлығымен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды almaty.tv

Түркістан облысында мал ұрлығымен тұрақты түрде айналысып келген ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ерлі-зайыпты екі ай бойы өңірдің 5 ауданында жайылымдағы малдарды ұрлап келген. «Ордабасы аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын аразданып, тамыз айында белгісіз тұлғалар жайылымдық жерден 1 бас бұзауын ұрлап кеткенін айтты. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы («Ұрлық») бойынша тіркелді. Дәл осындай арызбен полицейлерге тағы бірнеше жәбірленуші шағымданды», – деді полициядан.

Мал ұрыларын ұстау және қылмысты ашу мақсатында облыстық ПД-ның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.

«Тәртіп сақшылары жақын аймақтарды қарап, куәгерлерден сұрастырып, мал сату орындары мен мал тасымалдаушы автокөліктерді тексеріп, басқа да қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде, жедел уәкілдер ер адам мен әйелді күдікті ретінде ұстады. Олар Шымкент қаласының тұрғындары және ерлі-зайыпты болып шықты», – делінген ақпаратта.

Анықталғандай, олар Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы жайылымдарда адамдардың болмауын пайдаланып, малдарды ұрлап отырған. Олардың 10-нан астам қылмысқа қатысы бар болып шықты.

Сондай-ақ ұрланған малдарды сатып алушы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Ол да заң алдында жауапқа тартылады.

Хабар 24 телеарнасы