389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда анасы сыртынан құлыптап кеткен бала өрттен аман қалды

  • 169
  • UPD: 09:10, 02.10.2019
Көкшетауда анасы сыртынан құлыптап кеткен бала өрттен аман қалды

Көкшетауда кәмелетке жасқа толмаған бала газға уланып, қаза таба жаздады. Оқиға өткен тәулікте болған. Дүкенге азық-түлік алуға шыққан анасы баласын сыртынан жауып кетеді.

Ал ол уақытта газ плитасының үстінде тамақ пісіріліп жатқан. Қайта келген келіншек есікті аша алмай, құтқарушыларды шақыртады. Мамандардың көмегімен ішке кіргенде үй көк түтінге оранып жатқан. Нәтижесінде құлағы естімейтін бала түтінге уланып, әрі қатты шошып қалады. Дәрігерлердің айтуынша, баланың денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Оралда қаладағы жеке үйлердің бірінен өрт шықты. БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, оқиға кеше сағат 5 жарымдар шамасында Л.Толстой көшесіндегі №143 мекенжайда болған. Жаңадан салынып жатқан көппәтерлі үйдің аумағында орналасқан жеке тұрғын үй толықтай дерлік жанып кеткен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Қазір өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда. 

Жезқазған қаласының тұрғындары бір апта бойы ауыз сусыз отыр. Қаланың коммуналдық қызметі тұрғындарға 25-26 қыркүйекте су құбырларына жоспарлы жөндеу жүргізілетіндігі туралы хабарлама жасаған. Дегенмен, осы күндері Үйтас-Айдос су құбырындағы апат салдарынан қалаға су бір апта бойы берілмеген. Нәтижесінде 60 тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарына ауыз су әлі күнге дейін көтерілмей отыр дейді қала тұрғындары. Жағдай әлеуметтік желілерде үлкен талқыға айналып, тұрғындар тасымалданатын судың жетіспеушілігіне шағымдануда. Қала әкімдігінен берілген ресми мәліметке сүйенсек, қаладағы су құбырларының 70 проценті тозған. 

Павлодарда осыдан 5 күн бұрын жоғалып кеткен кәмелетке толмаған қыз бала табылды. 2002 жылы туған жеткіншекті отбасымен қауыштыруға жергілікті полицейлер атсалысқан. Баянауылға кеттім деп үйінен шыққан қыздың хабарсыз кеткенін анасы хабарлаған. Ал ол арада бірнеше күн өткен соң Баянауылан емес, басқа ауданнан табылған. Айтуынша, досын әскерге шығарып салуға кетіпті. 

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста 95 ата-ана баласын жоғалтып, полицияға жүгінген. Абырой болғанда барлығының балалары аман-есен табылды. 

Қызылордалық тәртіп сақшылары автокөлікті заңсыз иемденген күдіктіні қолға түсірді. Қала тұрғыны өзінің ауласында тұрған шетел автокөлігін белгісіз біреу айдап алып кеткендігі жөнінде полицияға арызданған. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде 32 жастағы бұрын сотталған Қазалы ауданының тұрғыны ұсталды. Орын алған дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Хабар 24 телеарнасы