389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда кәріз құдықтары жабылмаған жол өмірге қауіп төндіріп тұр

  • 138
  • UPD: 23:31, 12.10.2019

Түркістанда тағы да жолдың жыры. Жазда жөнделген, бірақ сапасы сын көтермейді. Суағарлары да әлі күнге жасалмаған. Кәріз құдықтарының беті ашық жатыр. Ашынған тұрғындар «бір күні балаларымыз түсіп кете ме» деп алаңдайды. 

- Түнде үлкен кісілер түсіп кетуі мүмкін ғой, мынаның бәрін жабу керек!

- Ең қауіпті жол – осы жол!

Бұл Түркістан қаласындағы Шәкен Айманов көшесінің тұрғындары. Неше жылдан бері жөндеу көрмеген жолға жаздың күні асфальт төселе бастағанда бөркін аспанға атқан жұрттың қуанышы көпке созылмады. Жол біткенмен іс бітпепті.  

Раушан Ғалиева, қала тұрғыны:

- Мына көшені жасаған, бірақ толық бітірмеген. Люктер ашық тұр. Түнде болсын, күндіз болсын балалар немесе үлкен кісілер түсіп кетуі мүмкін, мынаның бәрін жабу керек.

Намедхан Әбибулаева, қала тұрғыны:

- Бұл қатарда 3-4 люк бар. Мына жерде біреуі бар, анау, бәрін қосқанда төртеу. Мына жерде Ғани Мұратбаев мектебі бар. Соған балалар өткен кезде ең қауіпті жол осы.

Мектептің маңы! Бірақ жол белгісі қойылмаған, суағары салынбаған, құдықтары жабылмаған күре жол жүргіншілерден бөлек, жүргізушілерге де қауіп төндіріп тұр.

Мурат Давлетов, көлік жүргізуші:

-Түсіп кетсе машина, болмаса авария болуы мүмкін. Оны тезірек жөндеп қойса болатын еді. Жол апаты болуы мүмкін.

- Капитальный ремонт биыл шілдеде басталды. Бір ай істеді. Бір айдан соң қолданысқа берілді. Бірақ жартылай ғана бітті. Әлі толық бітпеген.

Тұрғындар қызықтың көкесі жаңбыр жауғанда болатынын айтады.

- Суағар болу керек қой негізі. Жаңбыр жауғанда көресіздер қайықпен жүргендей болады.

- Әлі пайдалануға берілмеген жолды «қабылдаған жоқпыз» деп көлікті жүргізбей қоймаймыз ғой.

Бұл көшеге асфальт төселгеніне 3 ай болған. Бірақ мердігердің салғырт-салақтығы мен жолға жауапты мамандардың құлықсыздығынан ең қажетті жұмыстар бітпей қалған. Зардабын енді халық көріп отыр.

Намедхан Әбибулаева, қала тұрғыны:

- Лоток керек мына жерге люктің ауызын жабу керек. Арғы жағына жаяу жүргіншілер жолы істеулі керек деп ойлаймын жолдың тәртібіне сай. Тіртібі солай болу керек.

Байдулла Оразбеков, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Ол жерде кәзір мердігер өзінің жасаған жұмыстарының ішінен кемшіліктерін жойып жатыр. Беті жабылмағандарды жабады. Екі көшенің бір-бірімен қиылысқан жері бар. Сол жерлерді жөндейді. Яғни қазір кемшіліктерді жою бойынша жұмыс істеп жатыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Осыдан 20 күн бұрын Түркістан қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Байдулла Оразбеков Ш.Айманов көшесіндегі бұл кемшіліктер тез арада жойылатынын айтып, бізді сендірген болатын. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, «баяғы жартас, сол жартас». Біз мұнда бітпеген істі аяқтап жүрген мердігерлерді көрмедік. Байқағандарыңыздай тұрғындар өздері қауіпсіздік үшін кәріз құдығының ауызына ағаш тығып қойған. Ал жол бойындағы кемшіліктер қашан ретке келетіні әлі белгісіз. Сондықтан тұрғындарға әзірге қауіпті жолмен қатынай тұруға тура келеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы