389,38 430,50 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында тамақтан ұшынған бала саны 23-ке жетті

  • 197
  • UPD: 13:09, 14.10.2019

Павлодар облысында мектеп оқушылары тамақтан уланып, ауруханаға түсті. Бұл облыс орталығына жақын жатқан ауыл. Қазанның 10-ы күні №40 жалпы орта мектебінің  асханасынан  түскі тамақ ішкен балалардың 7-де улану белгілері байқалған.

Ал арада екі күн өткенде уланғандардың саны 23-ке  жетті. Олар  2-ден 7-сыныпқа дейінгі мектеп  оқушылары. Бүгінде 13 оқушы ауруханаға жатқызылса, қалғандары үйлерінде ем алып жатқан көрінеді. 13 баладан улану белгілері, 8 баладан ішек инфекциясы табылған. Қазір мектеп асханасы өз жұмысын тоқтатты.  Оқыс оқиғаның себеп-салдары  анықталу үстінде. Кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, қолға алынды. Азық-түлік су, және шайындылардан  зертханалық сынамалар  алынған. Оның нәтижесі алдағы уақыттарда белгілі болады. 

Ирина Сорокина, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

- Ауыр жағдайлар тіркелген жоқ. Зардап шеккендердің қазір денсаулықтары орташа дәрежеде. Шұғыл ақпарат түскен сәттен бастап біздің қызмет кешенді эпидемияға қарсы шаралар барлық зертханалық зерттеулермен бірге  қолға алды. Алғашқы нәтижелері дүйсенбі, сейсенбі күндері дайын  болады деп отырмыз. Қорытынды мәліметтер де сол эпидемиялық шаралар аяқталғаннан кейін және зертханалық тексеру жұмыстарының қорытындысына сай анықталады. 

Ал Қостанай облысында Мәдениет үйі отқа орынды. Қызыл жалын 700 шаршы метр аумақты қамтыған. Алдын ала мәлімет бойынша тілсіз жауға қауіпсіздік шараларының  сақталмауы себеп болған. Өрт сөндірушілер келгенде  ғимарат  шатырындағы жылыту материалдары  тұтанып, қызыл жалынға ұласқан.  Түнгі сағат 2-де  өрттің  беті қайтарылып, таңғы 5-те толық  сөндірілген. Тілсіз жауды ауыздықтауға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 30 адам мен 8 көлік жұмылдырылды. 

Павлодар облысының  полицейлері 25 ірі-қараны айдап әкеткен ұрыларды ізін суытпай қолға түсірді. Осыдан бірнеше күн бұрын Ақтоғай ауданының Шолақсор  ауылындағы шаруа қожалығының  басшысы  жайылымнан бір қора малының жоғалғанын айтып өтініш жазған. Полиция қызметкерлері алдымен оқиға болған  жерді тексеріп, даладағы малдың ізіне түседі.  Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жазық даланы тәулік бойы шарлап шыққан. Нәтижесінде барымташылар Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Жаңажол ауылына жақын маңнан  табылды. Барлық 25 сиыр иесіне қайтарылды. Күдікті ауыл  тұрғындарының жылқысын  бағатын 25 жастағы азамат болып шықты. Бұл оқиғаға  1990 және 1970 жылы туған көрші ауылдың тұрғындарының да қатысы бар екені анықталды. Олар  пайда табу мақсатында қараусыз жүрген малды қолды етпек болған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы  бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды

Екібастұзда екі жасар сәби  субұрқақтың жанындағы ашық тұрған люкке құлап кетті. Ата-анасы екі жастағы ұлын ертіп, қалалық «Өнер» мәдениет сарайының жанындағы саябаққа көлік автомобиль жарысын көруге келген екен. Сол маңда ойнап жүрген бала әп сәтте көзден таса болыпты. Жүгіріп жеткен анасы ашық тұрған құдықты көрген. Олар сәбилерін құдықтан өз күштерімен алып шыққан. Бала шұғыл түрде Екібастұз қалалық ауруханасының  жансақтау бөлімшесіне жатқызылады. Дәрігерлер оған мидың шайқалуы, жабық бас сүйегінің жарақаты және басы  жарылған деген диагноз қойған.  Қазір оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.

Хабар 24 телеарнасы