385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда педофилдың әрекеті әшкере болды

  • 225
  • UPD: 13:38, 17.10.2019

Павлодар облысында жантүршігерлік қылмыс тіркелді. Өгей әке жеті жасар қыз балаға қатысты жыныстық әрекет жасаған.

Қазіргі уақытта балаға психологиялық сараптама тағайындалды. Болған жағдай туралы тәртіп сақшыларына қыздың анасы хабарлап, ресми шағым түсірген. Сала мамандарының мәліметінше, күдікті - 40 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны. Айта кетейік, бұл өңірде осы күзде орын алған екінші оқиға. Биылғы жыл басынан бері балаларға қатысты зорлық көрсетуге қатысты 26 қылмыс тіркелген. Аймақ бойынша педофилияға бейім тұратын 35-55 жас аралығындағы 74 азамат есепке алынған. 

Жанна Белялова, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ерлі-зайыпты 2019 жылдың сәуірінен бері азаматтық некеде. 

Ақмола облысында 30 жастағы азамат Қопа өзеніне батып кете жаздады. Абырой болғанда, құтқарушылар дер кезінде көмекке келді. Ақтөбе қаласында да құтқару операциясы сәтті аяқталды. Бірақ, бұл жолы шұңқырға құлап кеткен жылқы құтқарылды. Ал Алматы облысында ауылдық дүкендерге қарақшылық шабуыл жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Осы және өзге де оқыс оқиғалар келесі топтамада. 

Көкшетау қаласында құтқару операциясы сәті аяқталды. Құтқарушылар отряды Қопа көліне батып кете жаздаған 30 жастағы азаматтың өміріне араша болды. Оның жанында қайықтың ішінде әйел адам мен екі бала болыпты. Олар жағадан алыс жерге жүзіп кетіп, қайта орала алмаған. Қазіргі уақытта азаматтардың денсаулық жағдайлары жақсы.

Нұрлан Тасов,  облыстық ТЖД өкілі:

-  Ер азамат қайықтан құлап кетіп, белгісіз бағытта жүзіп кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар отряды  дереу жетті. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде тұрғын көлдің жағасынан табылды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. 

Алматы облысында ауыл дүкендеріне қарақшылық жасауға қатысы бар қылмыстық топтың жолы кесілді. Топтың құрамында қазіргі уақытта қамауда жатқан алты адамнан құралған. Құрықталған күдіктілердің ең үлкені 30 жаста, ал ең жасы 24 жастағы жігіт болып шықты. Олардың ешқайсысы бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Қылмыстық топ мүшелерінің шетел азаматының өліміне қатысы бары анықталды. 

Ернар Сайдильдин, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қылмыстық топ 20 жасар Өзбекстан азаматының өліміне қатысты екендігі дәлелденді. Бұлтартпас айғағы ретінде қылмыстық істің материалдарына қаза тапқан азаматқа атылған шолақ мылтық тіркелді. Сонымен қатар күдіктілер Талғар ауданында орын алған екі қарақшылық шабуылға қатыстығы анықталып отыр. Бүгінгі таңда аталған топтың алты мүшесі уақытша изоляторына қамауға алынды. 

Павлодар қаласындағы түнгі өрт тұрғындарды әбігерге салды. Қызыл жалын көпқабатты үйдің сегізінші қабатында болды. Мамандардың айтуынша, өртті ңтүнгі уақытта болуы мен пәтер есігінің жабық болуы қиынтық туғызды. Салдарынан 57 жастағы азамат зардап шекті.  Ол уланып қалды. Сондай-ақ 11 жастағы қыз бала уланып, шошып қалған. Айта кетейік,  бұл соңғы бірнеше тәулікте тіркелген екінші ірі өрт. 

Бауыржан Жанғузин, облыстық ТЖД өртке қарсы қызмет маманы:

- Өрт шалған аумақтың аумағы шамамен сегіз шаршы метр. Пәтердің темір есігі жабық болды. Оны бұзып кіруге мәжбүр болдық. Пәтердің қожайыны үйдің ішінде болды, оны сыртқа шығардық. Өртсалдарынан үш адам зардап шегіп, 25 адам сыртқа шығарылды. Тағы 45 адам өз бетінше далаға шықты. 

Таразда тағы бір көпқабатты тұрғын үй отқа оранды. Оқиға қаладағы 2-ші ықшам ауданда болды. Үйдің шатыры өртеніп, қызыл жалын 900 шаршы метрге жуық жерді шарпыған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше тілсіз жауды ауыздықтауға 9 техника мен 50-ге тарта адам жұмылдырылған.  Өрт сөндірушілер отпен 1,5 сағатқа жуық уақыт арпалысып, әрең өшірді. Айналасы толықтай қоршауға алынып, 80 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Оның 20-ы бала. Олар сол төңіректегі мектеп-интернатқа орналастырылды.

Петропавлда алкаголь өнімдерін жасайтын астыртын цех әшкереленді. Оңай олжаға кенелмек болғандар халық арасында кең танылған сауда белгілерінің атын жамылып, арақ пен коньякті қолдан жасап сатпақ болған. Дегенмен олардың құйтырқы әрекеті жүзеге аспады. Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шарасы барысында облыстық экономикалық тергеу департаментінің мамандары цехтың ішінен 22 мың ыдысқа құйылған 1 100 литр арақ-шарапты тәркіледі. Мұнымен қоса 33 қорапқа салынған акциздік маркалары жоқ ресейлік темекі өнімдері де анықталды. Қазір аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 241-бабы, 1-тармағына қатысты іс қозғалды. Жалпы жыл басынан бері солтүстік қазақстан облысында осындай екі факті тіркелген. 

Виктория Пивоварова, облыстық экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы:

- Цехта санитарлық талаптар мүлдем сақталмаған. Яғни арақ пен коньякқа су краннан қосылған. Жалпы тәркіленген алкоголь өнімдері 40 миллион теңгеге бағаланып отыр. Бүгінгі күні сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, бұл іске қатысы бар деген күдіктілер іздестіріліп жатыр. Егер олардың кінәсі толығымен дәлелденсе, оңай олжаға кенелмек болғандар екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан  айырылуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы