387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құс атып ұсталған браконьер зейнеттегі бұрынғы полицей болып шықты

  • 206
  • UPD: 23:32, 21.10.2019

Алматы облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының  қызметкерлері мен аңшылық шаруашылығының қорықшылары арнайы рейд ұйымдастырды. Осы шара барысында аң аулау талаптарын өрескел бұзған бірнеше азамат ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Қаратал өзенінің жағасында жүргізілген рейд барысында, міне, аңшылар ағаштың арасына тығып кеткен алғашқы көлікті кездестірдік. Мұның ішінде аңшы мылтығын салатын қорабы мен оқшантайы, аңшы пышақтарына дейін жатыр. Қозғалтқышы әлі жып-жылы. Демек бұларды кемінде 2-3 сағаттай күтуге тура келеді.

«Кәлпе» аңшылық шаруашылығының аумағына кірген аңшылар тобы көп күттірмеді. Айтқанымыздай, олар арада 2-3 сағат уақыт өткенде көзден тасалау жерге қалдырып кеткен көліктеріне жақындады. Инспекторлардың көзіне алғашқы болып түскен екі азаматтың бірінен бесатар, оқ толы оқшантай мен екі қырғауыл тәркіленді.

Мәулен Маймақов, Үштөбе қаласының тұрғыны:

- Путевка алмаған соң не үшін аңға шықтыңыздар? Не үшін мына қырғауылдарды аттыңыздар?

- Енді шығып қалды солай, не істейсің енді?

- Мылтық сіздікі ғой?

- Мылтық менікі. Құжаттары бәрі бар.

- Дұрыс деп тұрсыз ба мына әрекетіңізді?

- Негізі заңсыз ғой енді. 

Ал аңшылардың екінші тобы инспектор мен қорықшыларды көре салысымен, қолдарындағы 16-калибрлі дара ауыз мылтықты ағаштың түбіне жасырып үлгерген. Қорықшылар оны лезде тауып алды. Бірақ ұсталған азамат «мен мал іздеп жүрген адаммын, мылтық менікі емес» деп жауаптан жалтарып кетуге тырысып бақты.  

Алтынбек Беркімбаев, Үштөбе қаласының тұрғыны:

- У меня здесь подхоз, мы скот ищем, все.

- Енді мына кісілер айтып жатыр ғой 16-калибрлі мылтықты сіз лақтырып кетті деп.

- Ааа, оны білмеймін мен, көрген жоқпын. Көрген жоқпын деймін вообще, мылтық кімдікі екенін білмеймін.

Көп өтпей бұл азаматтың құрметті демалыстағы бұрынғы полиция қызметкері екені белгілі болды. Ол зейнетке шыққанға дейін Қаратал аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарыпты. Тәркіленген мылтық сонда тапсырылды. Қару мен оқшантайдағы оқтардан құрметті демалыстағы подполковниктің саусақ іздері бар екені анықталса, ол міндетті түрде заң алдында жауап беретін болады. Олармен бірге аңға шыққан осы ауданның тағы бір тұрғынына ауызша ескерту жасалды.    

Роман Коршунов, облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Оның қолында қару сақтауға және қабанға алған рұқсат қағазы бар екен. Бірақ тұяқты жануарларды атар кезде қорықшыларға хабарласып, жанына аңшылық шаруашылығының бір қызметкерін немесе инспекторды ертіп шығуы тиіс еді. Ол олай істемеген. Табиғатқа ешқандай шығын келтірмегенін ескеріп, біз оған ауызша ескерту жасадық. 

Ал Мәулен Маймақов 4 мың теңге тұратын рұқсат қағазын алмай, екі қырғауылды заңсыз атқаны үшін 60 мың теңге айыппұл төлеп құтылды. Алматы облысы аумағында жыл басынан бері осындай 55 заң бұзушылық анықталған. Салдарынан табиғатқа 400 мың теңге көлемінде шығын келтіріліп, заңсыз аң атушыларға 200 мың теңге айыппұл салыныпты. Алматы облысында қазір 120-дан астам аңшылық шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Орман және аң шаруашылығы аумақтық инспекциясының мамандары аңшыларға заң талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертеді. 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы