386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда жүгенсіз кеткен балалардың ата-аналары жауапқа тартылды

  • 138
  • UPD: 23:21, 07.11.2019

Ақтаулық тәртіп сақшылары тал түсте жолға жайғасып, көлік қозғалысына кедергі келтірген студенттердің ата-анасын жауапқа тартты. Жүгенсіз жастардың жақындары енді «Ұсақ бұзақылық жасау» бабымен 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейтін болды. 4 қараша күні 16-шағын ауданда жаяу жүргінші жолағында отырған қыз бен жігіттің видеосы ғаламторда пайда болған еді. Бастапқыда олар көлік жолын кесіп өтпек болады. Кенет трасса ортасында бір-біріне қарама-қарсы күйде отыра қалады. Куәгерлер шақырған полиция көлігі жеткенше ол жерден кетіп үлгереді. 16 және 17 жастағы күдіктілер сол маңдағы бейнекамералардың көмегімен табылып отыр. Көзге оғаш қылығын әлеуметтік желіде лүпіл жинау мақсатында жасаған екен.

Гүлжан Мұхамбетқызы, қалалық ПБ ЖПҚ ювеналды полиция бөлімше бастығы: 

- Достарымыздың арасында танымал болайын деген мақсатпен, сонымен қатар ақша табу деп айтты. Яғни кім қанша жинайды деген сөз. Сәтті отбасының балалары барлығы да. Тек қана бос уақытында осындай іспен айналысқан. Біз олардан түсініктеме алдық, ата-аналарының қатысуымен. Сонымен қатар балалардың ата-анасына ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабымен «Ұсақ бұзалықылық» деп шараға тарттық.

Алматыда бес автокөлік соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы Саин көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында болды. Куәгерлердің айтуынша, Renault жүргізушісі Райымбек даңғылымен келе жатып Mitsubishi автокөлігін соққан, сосын кептелісте тұрған тағы үш автокөлікке соқтығысқан. Апат  салдарынан Mitsubishi жолаушысы зардап шекті. Ол түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. 

Шығыс Қазақстанда қызыл кітапқа енген өсімдікті заңсыз терген 6 азамат ұсталды. Олардан 20 қап алтын тамыр тәркіленді. Күдіктілер полиция қызмектерлері мен Тарбағатай Ұлттық паркі өкілдері және әскери бөлім  жауынгерлері бірлесе жүргізген рейд барысында қолға түскен. Олар алтын тамырды Зайсан ауданы, Шілікті ауылдық округінің Ашалы учаскесінде жинаған екен. Ұсталған азаматтардың барлығы да сол ауданның тұрғындары. Қазір тәркіленген айғақ зертханаға жіберілді. Егер олардың шынымен де алтын тамыр өсімдігі екені анықталса, онда ұсталғандарға 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында заңсыз аң аулаған браконьерлер қолға түсті. 46 және 37 жастағы азаматтың екеуі де сол өңірдің тұрғындары болып шықты. Арнайы жүргізілген рейд барысында инспекторлар даладағы автокөліктің бірін тоқтатып, одан үш қоянның еті мен мылтық және оқ-дәрі тапқан. Табиғатты қорғау бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, аңшылық маусымы әлдеқашан аяқталған. Сондықтан бұл уақытта қоянды атуға болмайды екен. Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 337 бабы 1 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заңсыз аң аулағандар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Алматы облысындағы ауыл учаскелік инспекторы өртке оранған көппәтерлі үйден әйелді алып шықты. Қоңырау бойынша оқиға келген тәртіп сақшысы өрт сөндірушілерден бұрын лаулаған пәтердің есігін бұзып, көк түтінге тұншыққан 59 жастағы баспана қожайынын сыртқа алып шықты. Жарылыстың алдын алу үшін полиция капитаны жалғыз өзі қызған газ баллондарын қауіпсіз жерге көшіріп, қызыл жалынды сөндірген. Ерлік көрсеткен тәртіп сақшысының сол қолын күйік шалған. 

Ақтөбеде ұры тапа-тал түсте көлікті айдап әкетті. Қаскүнемнің бұл әрекеті көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ол көліктің бүйір терезесін сындырып ноутбук, ақша және темір тұлпар иесінің жеке куәлігін қолды қылған. Сосын рульге отырып, қылмыс жасаған жерінен кетіп қалған. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті полицейлермен ұсталған. 

Талғар ауданының 29 жастағы тұрғыны сауда үйіндегі шағын несие беру мекемесіне жасырынып кіріп, ақша ұрлап жатқан жерінен ұсталды. Түс мезгіліндегі үзілісті пайдаланған ол кассадан 50 мыңнан астам теңгені киімдеріне жасырған. Оқиға орнына шақырылған тәртіп сақшылары ресми деректі тіркеп, күдіктінің тұлғасын анықтады. Оның бұған дейін де ұрлық жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. 

Серік Үпиев, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі: 

- Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабына сәйкес отқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 29 жастағы күдіктітінің Талғар ауданының тұрғыны екені анықталды. Ол бұған дейін ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғаны белгілі болды. Қазір ол мекен-жайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

Хабар 24 телеарнасы