388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда жаттығу кезінде жасөспірім көз жұмды

  • 237
  • UPD: 22:27, 07.11.2019

Алматыда 9-сынып оқушысы спортзалда көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайғылы жағдай кеше кешке Қазақ спорт және туризм академиясының баскетбол залында болған. 15 жастағы бала сол жердегі баскетбол секциясына қатысып жүрген. Оқу орнының проректоры Мұхтар Есқалиевтің айтуынша, залды жеке кәсіпкер жалға алғанымен, жаттықтырушы – академия қызметкері. Оқушының өлімінен кейін ол уақытша қызметтен шеттетілген. Жедел жәрдем сегіз минутта жетсе де, баланы құтқару мүмкін болмады, дейді дәрігерлер.

Шайхидин Бадиров, қалалық медициналық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары:

– Жаттықтырушысының айтуы бойынша, жаттығу уақытында ес-түзсіз құлаған. Және жедел жәрдем бригадасы шақыртылған. Барлық толыққанды реанимациялық көмектер көрсетілді және науқаста бригада келгенге дейінгі биологиялық өлім анықталған.

Қаза болған бала – Алматыдағы №94 мектеп-гимназиясының оқушысы. Кеше ғана сабаққа келіп, достарымен ойнап-күліп жүрген. Оқуда озат, ақкөңіл, көпшіл бала еді, дейді ұстаздары. Бір үйдің жалғыз баласы. Оның нақты неден қаза тапқанын сот-медициналық сараптамасы анықтайды. 

Айгүл Ботабекова, №94 мектеп-гимназияның директоры:

– Ешқандай диспансерлік есепте тұрмаған бала. Денсаулығына шағым болмаған. Дене шынықтыру сабағынан да босатылмаған. Осы уақытқа дейін бір ауырып, сабақтан қалған күндері жоқ. Сап-сау жүрген бала. Кеше сабақта болған. Таңертеңгі ауысымда оқиды.

Хабар 24 телеарнасы