386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында елік пен үйрек атқан браконьер ұсталды

  • 126
  • UPD: 12:18, 08.11.2019

Рейдтік іс-шаралар жүргізу кезінде Ақтоғай ауданының полицейлері «Ақтоғай-Шолақсор» автожолында ақсулық тұрғын тізгіндеген «Honda CR-V» автокөлігін ұстады, деп хабарлайды  pavlodarnews.kz сайты.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, көліктің салонында еліктің тұтас еті, 10 келі балық, төрт үйрек пен аңшылық қару болған.

«Тексеру барысында елікті атуға рұқсат беру құжаттары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар ереже бойынша елікті аулау қорықшының қатысуымен ғана рұқсат етіледі. Ер адам заңсыз балық аулаған, себебі бір адамға тек 5 келі ғана балық аулауға болады. Заңсыз балық аулау фактісіне қатысты ҚР ӘҚБК 383-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», – делінген департамент хабарламасында.

Заңсыз аң аулау фактісі бойынша ҚР ҚК 337-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Жыл басынан бері табиғат қорғау полицейлері заңсыз аң аулаудың 437 фактісін тіркеген.

Полиция департаменті аң аулауды жүргізу үшін өзімен бірге аңшылық қарудың тиісті құжаттары, аңшылық билеті, аң аулаудың қай түріне, қай ауданда жүргізілетіні көрсетілген жол парағы болуы қажет екенін ескертеді.

Суда жүзетін жабайы құстар мен елікті аулау маусымы 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін, терісі бағалы аңға 2020 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады.  

Хабар 24 телеарнасы