384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ауруханада көз жұмған бүлдіршіннің ата-анасы дәрігерлерді кінәлайды

  • 196
  • UPD: 22:07, 15.11.2019

Аурухана кереуетінде көз жұмған ақтөбелік бүлдіршіннің ата-анасы бөбектің өліміне дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, 5 жасар Іңкәрға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген. Дәрігерлер ем жасаудың орнына өзге ауруханаларға сілтеп, сандалтып қойғанға ұқсайды.

Іңкәрдің ойыншықтарын ата-анасы бірден көзден тасалапты. Тек сүйікті қуыршақтарын лақтыруға жүректері дауаламаған. Кеше ғана тақылдап тақпақ айтып жүретін бөбектің қайтпасқа кеткеніне әлі де болса сене алмайды.

Қызуы кенеттен көтеріліп, жөтел қысқан бөбекті жедел жәрдем қызметі облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Бірақ ол жердегі дәрігерлер қабылдаудан бас тартып, жұқпалы дерттер емханасына жолдайды. Минут сайын әлсіреп бара жатқан бүлдіршінді қолдарына алған ата-анасы қалалық аурухананың да есігін қаққан. Бірақ емдеу орындары дертке түрлі анықтама беріп, балаға не болғанын дөп басып айта алмапты. Әбден талықсыған күйінде ғана облыстық жұқпалы клиникалық ауруханасының реанимация бөліміне жатқызылады.

Алмагүл Ахметова, Іңкәрдің анасы:

Дәрігерлер өздерінің жұмысын толық білуі керек емес пе?! Бірден ауруханаға жатқызып, қажетті ем-дом жүргізгенде баламды аман алып қалар еді. Бірнеше аурухананың арасында сенделіп жүргенімізде уақытты бос жібердік. Қажетті мамандарды шақыртуға болар еді ғой.

Қайғыдан қара жамылып отырған ата-ана дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етуде. Білікті заңгерге жүгініп, прокуратураға да арызданған.

Қажымұқан Ахметов, іңкәрдің әкесі:

Болашақта дәрігерлердің мұндай әрекетінен балалар қаза болмауы тиіс. Дәрігерлердің қатесі екендігі айтпаса да түсінікті емес пе. Бізді бір ауруханадан екіншісіне сілтеп жүргенде, алтын уақыттан айырылдық.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі тәуелсіз комиссия құрылып, болған жайтты анықтауға бағытталған жұмыстардың басталғандығын жеткізді. Тексеру аяқталған соң ғана мәселенің мән-жайы белгілі болады. Ал дәрігерлердің дер кезінде шешім қабылдамағанын денсаулық басқармасындағыларда мойындап отыр.

Светлана Есенаманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Білеміз, мына ұйымдастыру-тактикалық ақау бар екенін. Себебі бала бірнеше қабылдау бөліміне барған. Вирустық инфекция миына да бөтен барлық органдарға зақым беріп, миында ісіну пайда болған. Осындай өлім себебі болып отыр.

Бүлдіршіннің қазасына ата-анасын да кінәлі еткісі келетіндер бар көрінеді. Дер кезінде дәрігерге қаралмаған деген уәж айтқандар да болған. Алайда мұны Іңкәрдің жақындары жоққа шығарып отыр. Себебі жан ұшырып жедел жәрдемге хабарласқанға дейін тұрғылықты жеріндегі емханадан да көмек сұраған.

Әсия Ерғалиева, Іңкәрдің әжесі:

Өздерінде де балалар жоқ па? Немере жоқ па? Айтқан сөздері өте қиын айтуға. Өтірік айтып отыр. 7 күн. 7 күннің ішінде олар барлығын да істеп берді. Өз аяғымен барған баланы моргтан алып кеттік.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы