384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда мұрнынан айырылған нәрестенің анасы дәрігерлерді сотқа берді

  • 209
  • UPD: 22:09, 15.11.2019

Ақтауда ем алып, қатарға қосылудың орнына мұрнынан айырылған нәрестенің анасы дәрігерлерден 10 миллион теңге талап етіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бақыт Бекназарова бұл қаржыға операция жасатып, баланың бет-әлпетін қалпына келтірмек. Төрт ай бұрын шала туған бала тыныс алу аппаратына қосылған соң, шақалақтың мұрнында жара пайда болып, некроз басталып кеткен. Анасының арызына байланысты қазір дәрігерлердің ісі жан-жақты тексеріліп жатыр.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Мына бейнежазбадағы кішкентай Талғаттың мұрны жоқ. Дәрігерлер іріңдеп, жараға айналған мұрнына операция жасап, алып тастады. Анасы Бақыт Бекназарова бұған тыныс алу аппаратын басқара алмаған дәрігерлерді айыптап отыр.

Бақыт Бекназарова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:

- Температура берген соң мұрынға аппарат қойып, екі күннің ішінде аппараттан мұрны осы дәрежеге жетті. Медбикеге бір күн бұрын айтқанмын. «Қараңыз, жара болып жатыр» деп. «Ешнәрсе болмайды» деп екі медбике қарамады. Сол күйі. Түнде болған жағдай бұл. Сағат 8-де қараса, жаман болып кетіпті. Кезекші дәрігерлерге айтпаған. Кезекші дәрігерлер оны қарамаған. Түнгі 3-те қайтадан аппарат салады. Сонымен мұрнын жыртады.

Дәрігерлердің сөзінше, баланың мұрнынан айырылуына анасы да кінәлі. Бала жүктіліктің бес айынан асқанда дүниеге келген. Анасы ауданаралық автобуста кондуктор болып жұмыс істеген. Жоспарлы тексерулерден өтпеген, бірде-бір анализ тапсырмаған. «Сәби бірнеше дертпен туылды», - дейді дәрігерлер.

Әлия Тасырова, облыстық перинаталдық орталығының жансақтау бөлімі меңгерушісі:

- Даму жағынан туа біткен кінәраты бар, таңдайының жұмсақ және қатты бөлігі жарылып кеткен, көру, тыныс алу қабілеті жағынан проблемалар жетеді. Сонымен қатар сәбиге анасынан құрсақішілік жұқпа берілген. Сәби мұрнынан ағзасына ана сүті арқылы дарыған жұқпаның кесірінен айырылды деуге де болады.

Тәуелсіз сарапшылар баланың мұрнынан қалай айырылғанын анықтау үшін жан-жақты тексеріс жүргізді. Тыныс алу аппаратынан кінәрат табылмаған. Бірақ мұрынға кіргізілетін түтікшелер әлі шеміршегі қатаймаған сәбидің мұрнындағы тінін зақымдаған. Орны жара болып, некрозға ұласқан.

Ерғали Садыманов, қалалық ТҚСҚБ басқармасының басшысы

Шын мәнісінде стандарттар бұзылған. Емдеу кезінде, диагностика кезінде бұзылған. Осыған байланысты материалдың барлығы Маңғыстау облыстық полиция департаментіне, Ақтау қалалық прокуратурасына, Денсаулық сақтау басқармасына берілді. Шын мәнінде қателіктер перинаталдық орталық және Мұнайлы аудандық емханасында болған жағдай.

Сәби әлі күнге ана мен бала орталығында түтікшелердің көмегімен тыныс алып жатыр. Баласының болашағына алаңдаған ана дәрігерлерді сотқа берді. Мұрнын қалпына келтіруге қажетті қаржыны талап етпек. Алайда пластикалық операциялар бала алты жасқа толғанда ғана жасалады екен.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы