384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дәрігерлер жол апатынан зардап шеккен екі баланың өмірі үшін күресіп жатыр

  • 153
  • UPD: 20:38, 21.11.2019

Қызылордалық дәрігерлер ірі жол апатынан зардап шеккен екі баланың өмірі үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға бүгін таңертең қала орталығында болды. Екі көлік соқтығысып, біреуі екпінмен барып, аялдамада тұрған адамдарды қағып кеткен. Салдарынан үш адам қаза тауып, ауыр халдегі екі бала жансақтау бөліміне түсті.

Назарбаев даңғылы – қаладағы қозғалысы көп көшелердің бірі. Жол бойында тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар және білім мекемелері бар. Сондықтан әрдайым автобус күткен адамдар да көп. Ал таң мезгілінде орын алған оқиға куәгерлерінің айтуынша, жоғары жылдамдықта жүйткіген «Тойота Камри» автокөлігі алдымен «Мерседесті» түйіп, кейін аялдамаға соққан. Дәл сол кезде мұнда ондаған бала мен ересектер болыпты. Нәтижесінде үш адам қазаға ұшырады. Оның екеуі – бір үйдің балалары. «Тойота Камридің» бір жолаушысы мен тағы бір балалы әйел жарақаттанып, ауыр халде аурухана жеткізілген. Қазір дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салуда.

Бауыржан Төлеген, қалалық аурухананың бас дәрігері:

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі науқас қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілді.  Бір науқас жедел түрде реанимация бөліміне жатқызылды. Науқастың жағдайы ауыр. Ал екінші науқас 1976 жылы туған. Ол артериалдық гипертензиясының бірінші дәрежесі синдромы диагнозымен қабылдау бөлімінде алғашқы көмек көрсетіліп, әрі қарай ем-дом жолданды.

Шарипа Әлиева, бас дәрігердің орынбасары:

- Ер бала түсті 10 жасар. №12 мектептің 5-сынып оқушысы. Диагнозы – политравма, яғни, дененің көптеген жарақаттары. Науқас келісімен реанимация бөліміне жатқызылды. Шұғыл реанимациялық көмектер көрсетілді. Жағдайы өте ауыр күйде. Дайындықтар жүргізіліп, қазіргі таңда операцияға алынды.

Ал, полиция департаментінің хабарлауынша, қазір жол-көлік оқиғасына кінәлі адам анықталған. Ол 20 жастағы облыс орталығының тұрғыны екен.

Шамшидин Амитов, облыстық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

- Аталған дерек бойынша ҚР-ның 345-бабының 4-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. «Камри» автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Жалпылай алғанда өңірде жол-көлік оқиғасы өсіп тұр. Жыл басынан бері 402 жағдай тіркеліп, 83 адам қайтыс болған. 460-тан астам азамат түрлі дене жарақатын алыпты.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Райхан Тажибаева, Альхайдар Турлыханов, Айтмухамбет Байдулдаев

Хабар 24 телеарнасы