384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да жер үйде жарылыс болып, бір отбасының 7 адамы ауруханаға түсті

  • 157
  • UPD: 20:39, 21.11.2019

Кеше кешкісін Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы жер үйлердің бірінде жарылыс болып, 7 адам жарақат алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың екеуі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер барлық науқастарға тиісті медициналық жәрдем көрсетіліп жатқанын айтады.

Алдын ала мәліметтер бойынша 5 литрлік газ балоны жарылған. Дегенмен, мамандар апаттың нақты себептерін әлі анықтап жатыр.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Жарылыстың қатты болғаны соншалық, үйдің қабырғалары құлап, төбесі опырылып ортасына түскен. Дүмпуді естіген көршілер жүгіріп келіп, үйінді астында қалған қарт әжейді алып шыққан. Қазір 2 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Осылайша, сақылдаған сары аязда 7 адамнан тұратын бір отбасы үйсіз-күйсіз далада қалды.

Жойқын жарылыс терезе әйнектерін 10 метрге дейін ұшырып жіберген. Тіпті көршілердің үйлері де зақымданыпты. Аталықов көшесінің тұрғыны Нұрислам Сәрсенбин көмекке алғашқылардың бірі болып жеткенін айтады.

Нұрислам Сәрсенбин, Аталықов көшесінің тұрғыны:

- Бала бағып отырғам, содан үйіміз кәдімгідей сілкінді ғой, жер сілкінді ме деп бісмілләмізді айтып, содан жүгіріп далаға шықсам, осылай болып жатыр екен. Содан келіп, көмегімізді көрсеттік. Бірінші мен келдім, одан кейін 2 көршім бар келіп, көмектесті. Апаны алып шығып, бала-шағаларын алып шығып, жедел жәрдемге салып, содан міне, әлі жүрміз.

Ауруханаға бір отбасының мүшелері түгел түскен. Дәрігерлер 7 адамның бүгін екеуі амбулаториялық ем алу үшін шығарылғанын айтады. Қазір 5 адамның үшеуі хирургия бөлімінде әртүрлі жарақатпен ем қабылдап жатыр. Ал екеуінің жағдайы ауыр.

Сәтбек Борбасов, Аягөз аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Жағдайы ауыр бұл жерде үйдің иесі – 1979 жылғы ер азамат. Қазіргі уақытта қарқынды емдеу бөлімінде. Бұл кісінің денесіндегі күйік аумағы – 40%. Тиісті емін толық алып жатыр. Науқас жөнінде облыстағы дәрігерлермен сөйлесіп, кеңес алынды. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін ол кісіні күйік орталығына тасымалдау жоспарымызда бар. Және 2014 жылғы бала. Ол баланың да күйік аумағы жалпы 15% деп бағаланып отыр. Баланың беті, мойын аймағы, қолдары күйген. Ол баланың да жағдайы әзірше тұрақты, тиісті емін толық алып жатыр.

Кенжегүл Жангөбекова, зардап шеккен тұрғын:

Жолдасым екеуміз залда болғанбыз. 3 балам бір бөлмеде, мамам мен бір бала бір бөлмеде болды. Сол бір мезетте тас қараңғы болып кетті де, бір-бірімізді таба алмай қалдық қой. Балам қайда, Арнұр қайда, Дильназ қайда аттарын атай бердім, атай бердім. Білмеймін, білмеймін, терезеден лақтырдық. Көршілер жүгіріп келді, маманы іздейміз. Сөйтсе, төбе құлағанда басып қалған ғой. Топырақ қоса құлаған, жолдасым қолмен ананы қаза берген, қаза берген маманы алып шығу үшін, көршілер көмектесіп, Алланың берген сыйы болды сол жерде, бізге көмегі тиді, мың да бір рахмет!

Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев та апат орнында болып, зардап шеккен тұрғындардың жағдайымен танысқан. Енді аягөздіктер бір сәтте баспанасыз қалған отбасына көп болып көмек қолын созбақ ниетте.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы