430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында адасқан балықшылар табылды

  • 633
  • UPD: 11:42, 12.12.2019

Алматыда  баланы ит талап өлтірді

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек елді мекенінде 8 жастағы баланы неміс овчаркасы талап өлтірді. Ит өзге біреудікі емес, ай күннің аманында бауыр еті баласынан айрылып, қайғыдан қан жұтып отырған сол отбасының өз иті болып шықты. Тиісті қызмет өкілдері келіп, оны дәрілеп ұйықтатты. Қазір бұл істі Шелек полиция бөлімініндегілер қарап жатыр

Серік Үпиев, облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі:

– Облыстық полиция департаменті бұл істі өз бақылауына алды. Дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, нәтижесін күтудеміз. Сараптама жұмыстары аяқталған соң нақты процесуалдық шешім қабылданады.

Қарағанды облысында адасқан балықшылар табылды

Самарқанд су қоймасына барып, қалың тұманда адасқан балықшылар табылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірнеше топқа бөлініп, мұз басқан көлдің бетін шарлаған. Іздестіру жұмыстары кезінде құтқарушылардан көмек сұраған балықшыдан бөлек тағы бір азамат табылды. Екеуі де әбден қалжырап, шаршаған. Ұялы телефон байланысы болғанымен, қалың тұман көз байлап, таяқ тастам жерді көруге мүмкіндік бермепті. Төтеншеліктер он сағаттың ішінде 12 шаршы шақырым жерді шарлап шықты. Нәтижесінде өз бетімен қозғалуға әлі қалмаған зейнеткер табылып, дәрігерлердің қолына табысталды. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң адасқан балықшылар үйлеріне қайтарылды.

Ақтөбе облысында барымташылар ұсталды

Ақтөбе облысының Қобда ауданында барымташылар тобы ұсталды.  Кешкі уақыт кезінде жергілікті тұрғындардың бірінің ауласынан 113 бас қой ұрланған. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы күдіктілердің малды аудан орталығына қарай айдап әкеткенін анықтайды. Із кескен полицейлер Қобда ауылының шетіне жетіп, жоғалған түліктерді елді мекеннен тысқары аулалардың бірінде тапқан. Күдіктілер 5 қасапшы жалдап, қолды қылған қойларды бауыздау кезінде ұсталды. Жоқ іздеушілер жеткенше олар 23 басты сойып үлгерген. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Алматы облысының тұрғындары көшеде көкпар тартқан

Талдықорғандық тәртіп сақшылары қала көшелерінде көкпар тартқан азаматтарды анықтады. Бір топ салт атты шаһардың ортасында серкеге таласқан. Жедел іздестіру шарасы нәтижесінде полицейлер Текелі қаласының 27 жастағы тұрғынын күдікті ретінде қолға түсірді. Артынша көліктердің арасын ұлттық ойын алаңына айналдырған көкпаршылардың қалғандары да анықталды. Олардың айтуынша, облыс орталығы маңындағы ауылдардың бірінде басталған ойынның қызығына түскен шабандоздар қаланың көшелеріне қалай лап қойғанын байқамапты. Алайда қоғамға қауіп тудырған 7 азаматтың барлығы да әкімшілік жауапқа тартылады.

Хабар 24 телеарнасы