380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Атырау облысында көліктердің малға соғылуынан 5 адам қаза тапқан

  • 175
  • UPD: 08:05, 26.12.2019

Атырау облысында автокөліктердің қараусыз жүрген малдарды соғуы жиілеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек биылдың өзінде осындай оқиға салдарынан бес адам қаза тауыпты. Енді шаруа қожалықтары жануарларға жарық сәулесімен шағылысатын жолақтар тағып, түрлі бояумен белгілейтін болады. Қажетті жабдықты шаруаларға полиция қызметкерлері таратуда.

Көліктердің малға соқтығысуы көбіне түн мезгілінде орын алған. Жол үстінде тұрған үй жануарын қараңғыда жүргізушінің алыстан байқауы да қиын. Нәтижесінде тіркелген апатты жағдай салдарынан биыл бес адам көз жұмып, тағы бесеуі жарақаттанған.

Бауыржан Сәрсекенов, полиция Департаментінің аға инспекторы:

- Бізде қазір Атырау облысының аумағында республикалық маңызы бар тас жолдар және облыстық тас жолдарда ірі қара малдың көбеюіне байланысты осындай іс-шара өткізіп жатырмыз. Полиция департаментімен бірлесіп, қаладағы ірі мұнайлы компанияның қолдауымен осы шара өтіп жатыр.

Көлік жүргізішілерінің айтуынша, мұндай шараның берері көп. Ең бастысы – оқыс оқиғаның алдын алып, адамдардың амандығын сақтауға септігін тигізеді.

Ербол Бөкеев, көлік жүргізушісі:

- Жолда жүреміз. Жұмысқа барамыз. Таңертең қараңғы уақытта шығамыз, кешке де осындай қараңғы уақытта келеміз. Сол уақытта енді, шыны керек, жолдың үстінде осындай малдар көп кездеседі. Шама келсе, сақ болуға тырысамыз. Бірақ кей уақыттарда малды қағу оқиғалары кездесіп жатады.

Жарықты шағылыстыратын бұйымды әзірге Индер және Махамбет аудандарының екі шаруа қожалығы алды. Олардың иелігінде 150-ден астам жылқы мен 80 бас ірі қара бар. Ал, жыл соңына дейін тағы төрт қожалық бояу шашашын шағын баллон және жарық беретін жолақтармен қамтылады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Темирлан Султангазиев

Хабар 24 телеарнасы