419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыдағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп жатыр

  • 854
  • UPD: 13:03, 27.12.2019

Апатқа ұшыраған ұшақтан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс оқиға Талғар ауданындағы Әлмерек ауылының маңында болған. 103 желісіне таңғы 7:43-те хабарлама түскен. Алматы облысының 16 жедел жәрдем бригадасы апат болған аймаққа аттанып, алғашқы медициналық көмекке кірісті. Сонымен қатар Алматы қаласының 35 бригадасы да апат аймағында жүр. Екі нейрохирургия бөлімшесі де оқиға орнына жетті. Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханаға бес адам жеткізілді. Олардың жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта Алматы облысы мен Алматы қаласының денсаулық сақтау бекеттері жедел жұмыс кестесіне көшті. Олар зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсетуге әзір. Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығына 8 бала түсті. Олар көп жарақат алған. Сонымен қатар қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына көп жарақаттары бар тағы бес адам түсті. Қалалық клиникалық ауруханада 17 пациентке алғашқы көмек көрсетіліп жатыр. Олардың жағдайы ауыр, дейді мамандар. Қазіргі уақытта зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Алдын ала мәлімет бойынша апатқа ұшыраған ұшақта 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылды.

Президент қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қайғылы оқиғаға кінәлілер қатаң жазаланатынын жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы