375,77 406 5,90

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұшақ апатына байланысты ҚР ІІМ қылмыстық іс қозғады

  • 270
  • UPD: 20:00, 27.12.2019

Ішкі істер министрлігі «Бек эйр» компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына байланыста сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іс қылмыстық кодекстің «Әуе көлігін пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы» бабы бойынша қозғалған. Құрамында тәжірибелі тергеушілер, криминалистер мен ішкі істер министрлігінің орталық аппараты қызметкерлері, Алматы облыстық көліктегі полиция департаменті өкілдері мен төтенше жағдайлар қызметі бар арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Оқиға орнындағы тергеу жұмыстарына ішкі істер министрінің орынбасарлары Рашид Жакыпов пен Юрий Ильин басшылық етеді.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. Сағат 07:22-де «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

ҚР ІІМ мәліметі бойынша, апат салдарынан 12 адам қаза тапқан. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында Дана Круглова есімді әріптесіміз де бар. Ол Informburo.kz ақпарттық порталында шығарушы редактор қызметін атқарды. Дана небәрі 35 жаста еді. Ол Жаңа жыл мерекесін елордадағы ата-анасымен қарсы алмақ болып жолға шыққан екен.

Сондай-ақ Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы да Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза тапты. Генерал-майор Рүстем Қайдаровтың қазасы туралы ақпаратты қоғамдық бірлестіктің мүшелері растады.

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Ұшақта 4 айлық бала да болған. Нәресте апаттан аман қалды. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Алматыдағы ұшақ апатына байланысты Орталық коммуникациялар қызметі де баспасөз мәслихатын өткізді. Орталықтың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, апат жағдайлары анықталғанға дейін осы Фоккер-100 әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылды.

«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты.

«Апаттан мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадым. Көз жұмғандардың туған туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығуын тілеймін», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев.

Хабар 24 телеарнасы