425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінеді

  • 927
  • UPD: 18:11, 27.12.2019
Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінеді primeminister.kz

ҚР премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен Bek Air әуе компаниясының ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша үкіметтік комиссияның отырысы өткізілді.

«Алматы облысындағы ұшақ апаты барлық қазақстандықтар үшін аса қайғылы хабар болды. Өкінішке орай, адамдар қаза тапты, зардап шеккендер көп», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты, ал зардап шеккендерге тезірек сауығуды тіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылған үкіметтік комиссия жұмысының алдын ала нәтижелері туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Р.Скляр, сотқа дейінгі тергеу амалдары және оқиға орнында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, зардап шеккендердің жағдайы туралы денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов баяндады.

Алматы қаласының түрлі медициналық мекемелеріне 53 адам жеткізілген, оның ішінде 8 адамның жағдайы аса ауыр деп бағалануда.

Нұр-Сұлтан қаласынан санитарлық авиация бортымен жетекші республикалық медициналық орталықтардың мамандары ұшып барды, оның ішінде Ұлттық нейрохирургия орталығының және Травматология және ортопедия ҒЗИ мамандары бар.

Алматы қаласы мен Алматы облысының медициналық ұйымдары қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр, дәрі-дәрмекпен және қажетті қанмен толық қамтамасыз етілген. Зардап шеккендермен және қаза тапқандардың отбасыларымен психологтар жұмыс істеуде.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінеді. Сонымен қатар,  барлық зардап шегушілерге қажетті қаржылай көмек көрсетіледі», – деді А.Мамин.

Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне Bek Air әуе компаниясының ұшағының құлауына байланысты толық сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шегушілердің тезірек сауығып шығуы үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды. 

«Апат себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай өз жұмыстарының алдын ала қорытындыларын ұсынуы тиіс», – деп нақтылады А.Мамин.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

ҚР ІІМ мәліметі бойынша, апат салдарынан 12 адам қаза тапқан. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады. 

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Ұшақта 4 айлық бала да болған. Нәресте апаттан аман қалды. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Алматыдағы ұшақ апатына байланысты Орталық коммуникациялар қызметі де баспасөз мәслихатын өткізді. Орталықтың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, апат жағдайлары анықталғанға дейін осы Фоккер-100 әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылды.

«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты.

«Апаттан мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадым. Көз жұмғандардың туған туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығуын тілеймін», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев.

Хабар 24 телеарнасы