380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оқиғалар хроникасы. 8 қаңтар

  • 119
  • UPD: 11:19, 08.01.2020

Қарағандыда кісі өлтірді деген күдікпен әйел адам ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күдікті қазір уақытша ұстау абақтысында отыр.

Таяуда қаладағы пәтерлердің бірінен 32 жастағы ер адамның мәйіті табылған еді. Оқиға орнына барған полицейлер марқұмның денесінен зорлық белгілерін анықтады. Ұсталған келіншектің жанжал кезінде жігітке дене жарақатын салғаны белгілі болып отыр. Осы қылмысқа қатысты Кодекстің 99-бабымен іс қозғалып, тергеу басталды.

Төбелеске қатысқан күдіктілер ұсталды

Алматының Шагабутдинов көшесінде төбелеске қатысқандарды полиция қолға түсірді. Түнгі мезгілде тротуарда тұрған ер адамдардың арасындағы сөзге келіспеушілік соңы бір-біріне қол жұмсаумен тынған. Жерге құлаған бір адамды келесінің аяусыз ұрып жатқаны жақын маңдағы бейнебақылау камерасына жазылып қалды. Көше тыныштығын бұзғандар енді заң алдында жауап береді.

Хоккейшілер қар құрсауынан құтқарылды

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қалың қардың құрсауында қалған ақтөбелік 28 хоккейшіні құтқарып қалды. Олар мінген автобус «Тимирязево-Сарыкөл» трассасының 18-шақырымында жолдан тайып, асфальт шетіне батып қалған. Абырой болғанда, көлік жүргізушісіне 102 номеріне хабарласудың сәті түскен. Оқиға орнына жол сақшыларымен бірге «Қазавтожол» серіктестігінің екі техникасы жедел жіберілді. Бірнеше сағаттан соң спортшылар отырған автобус Петропавл қаласына сапарын жалғастырған.

Хабар 24 телеарнасы