377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Академик Өмірзақ Айтбаев өмірден озды

  • 382
  • UPD: 10:35, 09.01.2020
Академик Өмірзақ Айтбаев өмірден озды tarlan.kz

Профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі әрі Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев бақилық болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1959 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ол тұста Киров атындағы ҚМИ) филология факультетін бітірген. 1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. 1959-1962 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің əдеби қызметкері, 1962-1974 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл Білімі институтына кіші ғылыми қызметкері, 1974-1981 жылдары аға ғылыми қызметкер, 1981-1989 жылдары «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. 1973 жылдан «Ғылыми терминологиялық орталықтың» директоры болып қызмет етсе, 1989 жылдан республикалық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, кейін президенті болған. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: қазақ терминологиясының практикалық мəселелері. «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген тұста Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен бірнеше ұжымдық кітаптар (Қазақ терминологиясының мəселелері. «Ғылым», Алматы, 1981; Термин жəне олардың аудармалары. «Ғылым», Алматы, 1990, 12 б.т.) баспадан жарық көрді. Академик Өмірзақ Айтбайұлы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де (1981–1991 жж.) 550-ден астам ғылыми еңбектің, 21 кітап пен монографиялардың авторы. «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984) жəне «Қазақ əдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1991), «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-əдістемелік жəне практикалық мəселелері» (1997-1999), «Терминологиялық сөздіктер, əдістемелік құралдар жасау» ғылыми-методикалық жоба (2008-2013) деген күрделі ғылыми тақырыптарға жетекшілік етті. Оның сондай-ақ, сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сəлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» тағы да көптеген əні жұртшылыққа мəлім.

Хабар 24 телеарнасы