429,96 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбенің Алға ауданында мұғалімнен туберкулез табылды

  • 564
  • UPD: 22:54, 13.01.2020
Ақтөбенің Алға ауданында мұғалімнен туберкулез табылды

Ақтөбенің Алға ауданы Бестамақ ауылдық округінде мұғалімнен туберкулез анықталды. Қазір мектепте залалсыздандыру шаралары жүргізіліп, оқушылар жаппай медициналық тексеруден өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бесқоспа ауылында 400-ден астам тұрғын бар. Мектепте 100-ге жуық оқушы білім алады, 28 мұғалім сабақ беріп, 10 кіші қызметкер еңбек етеді.

«Мұғалімнен туберкулез ауруы анықталды. Мектепке дизинфекция жасалып, педагогтар түгел тексеруден өтті. Ал оқушыларды кезең-кезеңімен дәрігерлік тексеруге жіберіп жатырмыз», - деді шағын жинақты мектептің директоры Рүстем Қожаназаров.

Анықталғандай, жұқпалы дертке шалдыққан ұстаздың аяғы ауыр. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.

«Ақтөбе облысы әкімінің атына арыз түсуіне байланысты комиссия құрылды. Құрамында облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері, облыстық Білім басқармасы мен аудандық қызметкерлер бар. Халықпен, педагогика қызметкерлерімен кездесу, түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деді Бестамақ ауылдық округінің әкімі Қанат Дәулеталин.

Айта кетейік, аталмыш мектепте мұғалімнен туберкулез сырқаты 2016 жылы да анықталған болатын. Содан бері мекеме қызметкерлері жылына екі рет медициналық тексеруден өтеді. Бүгінде мектеп қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Мұғалімдердің барлығы тексеруден өтіп, денсаулығы туралы анықтама тапсырды. Оқушыларды жедел жәрдем көлігімен аудан орталығына апарып, тексеру, рентгенге түсіру жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы