377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында малға қасқыр шабу оқиғалары жиілеп кетті

  • 290
  • UPD: 20:44, 14.01.2020

Ашыққан жыртқыштар жайылымдағы түлікті былай қойып, қораға түсе бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті шаруалар «төрт түлікті қынадай қырған қасқырлармен күресуге дәрменсізбіз», дейді. Өйткені түз тағысын өз бетімен атуға рұқсат жоқ. Қорасын қорып, қорқынышта отырған малшылар енді жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.

Қасқырдан қорлық көріп отырған шаруалардың бірі – Нұрбақыт Сейтқали. Қыс түскелі оның қорасына жыртқыш бірнеше рет шабуыл жасап, 15 шақты қойын жеп кеткен. Қазір кезекпен ұйықтап, түнімен қора күзетеді. Өткен түні ғана мал тұяғының дүбірін естіп, қасқырдың келгенін сезіпті.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, кеше ғана түз тағысы түскен осы қора. Жыртқыш аң міне, мынадай қораның биік қоршауына қарамастан ішке оңай кіріп бір түнде жүзден астам қойды қырып кете жаздады. Абырой болғанда қожайыны үйден шығып мылтық атып үлгерген. Соның өзінде қасқыр бірнеше қой мен ешкіні тартып кеткен.

Нұрбақыт Сейітқали, шаруа:

- Енді амал жоқ, осылай талап кетеді. Одан кейін сойып аламыз, басқа ештеңе істемейміз оған. Қоя бергеннің өзі болмайды. Сойып аламыз қазір. Шықпағанда бәрін қырып кету керек еді. Қора жабық айнала, қашып кете алмайды малдар. Тамақтап, бауыздап кете береді. Кейбіреулері арқасына салып алып кетеді.

Шалғайдағы шаруалардың көпшілігі қазір үрейде. Жуырда Талас ауданындағы Майтөбе ауылының маңында бірнеше жылқы ит-құсқа жем болған. Қасқырды алу оңай шаруа емес. Ал, аңды атуға заңмен тыйым салынған. «Сондықтан бұл жұмыстарға аңшылық шаруашылықтары жұмылса игі», дейді жұрт.

Сәрсекүл Стамбекова, Өрнек ауылының тұрғыны:

- Билікөл деген көліміз бар. Мына мұз қатқанда мына таудан келеді, әсіресе. Содан кейін Билікөлдің арғы жағында фазенда бар. Қыркүйекте 60 бас малын қырып кетті. Осылай келеді де, өлді дегенде 15 бастай, кеше біреуін тамақтап кетті. Бағана құйрығын жұлып кетті. Оны мал болатын шығар десек, болмайды, аяғын сындырып кеткен.

Мамандар қораға түскен қасқырды атуға болады деп отыр. Тек арнайы жұмыс тобы ол деректі тіркеуі тиіс екен. Жақында қасқыр санын реттеу үшін комиссия құрылып, атуға рұқсат берілген. Қазір өңірді мекен ететін аңның 40%-ін атуға рұқсат бар.

Болат Асанбеков, Жануарлар дүниесін қорғау аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Ал осы жылы қасқырдың шаруашылық малдарына шабуылы көбейгеніне байланысты республика деңгейінде осы мәселе көтеріліп жатыр. Бұл бойынша жұмыс тобы құрылған. Жергілікті атқарушы орган бар, инспекция бар, мамандары қасқыр шабуылының алдын алу үшін жиналыс жасап жүрміз.

Биыл санақ бойынша аймақтағы қасқырлардың саны екі мыңға жуық деп есептелген. Мамандар енді жыртқыш шектен тыс көбейіп кеткен елді мекендерді анықтайды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы