375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысының тұрғыны 8 көлікті өртеп жіберді

  • 178
  • UPD: 18:02, 22.01.2020
Түркістан облысының тұрғыны 8 көлікті өртеп жіберді

Түркістан облысы Сайрам ауданында айып тұрағында тұрған 8 автокөлік жанып кетті. Көліктерді Қарасу ауылдық округінде тұратын жергілікті тұрғын өртегені анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, өртке қарсы қызмет пультіне шақырту сағат 05:55-те келіп түскен. 8 минуттан кейін өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтап, сағат 06:38-де өрт толықтай сөндірілген. Тәртіп сақшылары автотұрақта барлығы 39 көлік болғанын анықтады. Тексеру барысында көліктерді өртеген күдікті бейнебақылау камерасының объективіне түсіп қалғаны және оның Манкент ауылында тұратыны анықталды. Сондай-ақ оның көлігі бұған дейін айып тұрағына қойылған болып шықты.

«Автокөлігін құжатсыз әрі мас халде басқарғаны үшін тәртіп бұзушыны полиция қызметкерлері ұстап, әкімшілік жауапқа тартқан. Оның автокөлігі айып тұрағына қойылған болатын. Ал күдікті болса түнгі уақытта қоршаудан өтіп, өз автокөлігіне келіп, оны өртеген. Сөйтіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел іздестіру жұмыстары барысында ер адам ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өз кінәсін толық мойындап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін ҚР ҚК-нің 202-бабының 2-бөлігі (бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) бойынша іс қозғалған» делінген хабарламада.

Хабар 24 телеарнасы