380,91 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында журналистер мінген автобус аударылды

  • 160
  • UPD: 13:31, 28.01.2020

Ақтөбе облысында шағын автобус аударылып, үш жолаушы зардап шекті.

Көлік ішінде бірқатар республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болған. Журналистер өңір орталығынан 400 шақырымнан астам алыстағы Ырғыз ауданы әкімінің есебінен ақпарат таратуға бара жатқан. Алайда, діттеген жерлеріне жете алмады. Көрші Әйтеке би ауданының Ұлғайсын ауылы маңында көліктері аударылған . Жол апатынан шағын автобустың жүргізушісі мен екі тілші түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Салон ішінде барлығы 8 адам болған. Куәгерлердің айтуынша, көлік жоғары жылдамдықпен жүрген.

Ерболат Сарқұлов, полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

– «Тайота Хайс» автокөлігінің жүргізушісі Қарабұтақ елді мекенінен Ырғыз ауылына бара жатқан жолда автокөлігін жолдың оң жақ бетіне аударып алған. Қазіргі таңда жол көлік оқиғасының себептері анықталуда. Автокөліктің жүргізушісі және де екі жолаушы медициналық мекемелерге жеткізілді.

Алматы облысында жолаушылар автобусы аударылып қалды

Алматыдан-Өскеменге бағыт алған жолаушылар автобусы аударлып қалды. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша оқыс оқиға Алакөл ауданының аумағында Алматы-Өскемен тас жолының 609 шақырымында болған. Жол апатын сол автобуста болған жолаушылардың бірі қолтелефонға түсіргенге ұқсайды. Жолдың бір жақ шетіне жанымен жантайып жатқан автобустың ішінен адамдар біртіндеп шығап жатыр. Видеоны түсірген адам ешкім зардап шекпегенін, автобустың жоғары жылдамдықпен жүргенін айтып тұр. Жолаушылар басқа автобуспен сапарларын жалғастырған.

Таразда клубты тонағандар ұсталды

Тараз қаласында үш жасөспірім букмекерлік клубты тонамақ болды деген күдікке ілінді. Олардың әрекетін қаладағы жедел басқару орталығының инспекторы Әбіл Азат бейнебақылау  камерасы арқылы байқап қалған. Жүріс-тұрыстары күдікті жастардың жүрген жерін патрульдік экипажға хабарлайды. Патрульдік полиция қызметкерлері жасөспірімдерді тексеру кезінде олар букмекерлік клубтың есігін бұзып, тонағандары анықталды. Ғимараттың ішінен 6 теледидарды алып шыққан.

Өскеменде жеке үй өртенді

Өскеменде құрылысы аяқталмаған жеке үй өртенді. Өрт сөндірушілер жеткенде баспананың басым бөлігі жанып кеткені белгілі болды. Алдын ала болжам бойынша, құрылыс иесі от жаққан соң қараусыз қалдырып кеткен. Қатты қызған пешке шыдамай ағаштар тұтанған. Жаңадан салынып жатқан үйге электр сымдары дұрыс тартылмағандықтан өрт шығуы деген де болжам бар. Қазір неден тұтанғаны анықталып жатыр. 

Алматы облысында өрт қауіпсіздігі тексерілді

Алматы облысында биыл 50-ге жуық нысан өртенді. Сондай жағдайдың бірі қыстақта тіркелді. Өрт қауіпсіздігі  сақталмауынан болған. Осыған байланысты ТЖД қызметкерлері арнайы алдын алу шарасын өткізіп жатыр. Оған 60-тан аса маман тартылды.Олар шаруашылықтарды аралап жүр. Малшыларға сақтық шаралары жазылған ақпараттық парақшаларды таратты. Алыс қыстақтарға қарда жүретін арнайы техникамен барды . Бүгінде жалпы Алматы облысында 6 мыңнан аса қыстақ бар.

Қанат Алтынбеков, қалалық ТЖБ бастығы:

– Тұрғындарға қатты отынмен жанатын пешті пайдалану ережелері және электр тораптарды пайдалану ережелері, газ пайдалануды өрт қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқама жүргізілді.

Дәурен Торайғыров, шаруашылық жетекшісі:

– ТЖД қызметкерлері келіп, ескерту таратып жатыр. Осыны ұстанамыз. Адам қауіпсіздігі бірінші мәселе.

Алматы облысында 142 адам табиғат қорғау заңын бұзған

Жыл басынан бері Алматы облысында заңсыз аңшылық жасаған108 браконер ұсталды. Ал 26 азамат отты қаруды ұстау ережесін ескермегені үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар орман ағашын отаған және рұқсатсыз балық аулаған 11 күдікті анықталып отыр. Табиғат қорғау заңын бұзғандар арнайы рейд кезінде қолға түсті. Облыстық полиция департаменті мен табиғат сақшыларының бірлесе өткізген жедел алдын алу шарасы қаңтардың 6-сынан басталып, ақпанның 5-сіне дейін жалғасады. Қазірдің өзінде тәртіп сақшылары 4 күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар елік атып, жүк көлігімен балық тасымалдаған.

Ерлан Құджақов, облыстық ПД аға инспекторы:

– 1 тонна 3,339 келі балық, екі дана елік. 20 дана жабайы құстар мен 15 дана су тышқаны тәркіленіп алынды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 5 млн теңгеден асты.

Хабар 24 телеарнасы