427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғанда әскери қызметшінің өліміне қатысты күдікті ұсталды

  • 720
  • UPD: 13:07, 05.02.2020

Талдықорған қаласында әскери қызметшінің өліміне байланысты күдікті қолға түсті. Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған еді. Шағын аудандардың бірінде басынан жарақат алып, мерт болған ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабар келіп түскен.

Кейін анықталғандай, ол атылған оқтан көз жұмған. Облыстық полиция басқармасының басшылығы бұл істі ерекше назарға алып, жедел іздестіру шаралары барысында қылмысты жасады деген күдікпен 38 жастағы қала тұрғыны ұсталды.

Бауыржан Тілепбаев, Талдықорған қалалық ПБ басшысының орынбасары:

- Күдікті анықталып, құрықталды. Бүгінгі таңда істің мән-жайы анықталып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Айта кететін жайт, күдікті тұлға да әскери қызметкер болып шықты.

Қарағандыда автобус қағып кеткен әйел ауруханада есін жимай көз жұмды. Ал талдықорғандық полицейлер әскери қызметшінің өліміне қатысты күдіктіні қолға түсірді. Қостанай облысында мас күйінде көлік тізгіндеген полиция қызметкері 15 тәулікке қамалып, жұмыстан қуылды. Осы және өзге де оқыс оқиғалар жөнінде келесі топтамада. 

Автобус қағып кеткен Қарағанды қаласының тұрғыны есін жимаған күйі ауруханада көз жұмды. 62 жастағы әйел соққыдан басынан қатты жарақат алған. Ақ халаттылар 5 күн бойы оның өмірін сақтап қалуға тырысты. Бұл оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалыпты. Онда жолаушының жасыл түске өтіп бара жатқаны анық көрінеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Бұл кадрлар әлеуметтік желілерде осыдан бір жұма бұрын пайда болған. Теміртау қаласында әйелге күш көрсетіп, тонамақ болған бұзақының әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алайда қылмыскердің бет бейнесі анық көрінбегендіктен ол ұсталады деп ешкім ойламап еді. Полицейлер біліктілігі арқасында күдікті анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Жанатай Сембеков,  облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Бейнекамераларды зерделеу және іс-шараларды өткізу барысында Теміртау қаласының 40 жасар тұрғыны анықталып, қолға түсті. Мойындау көрсетпелерін берді, жәбірленушімен танылды.

Қостанай  облысында мас жүргізушілерге қарсы күрес күшейе түсті. Ақпан айының алғашқы екі-үш күнінде ғана ішімдік ішіп рөлге отырған  25 адам ұсталған. Оның  арасында полиция қызметкері де бар. Жеңіл масаңдау күйде болған тәртіп сақшысы жеті жылға жүргізушілік куәлігінен айырылды. Оның сыртында 15 тәулікке қамалып, жұмыстан қуылды. Тобыл өңірі мас жүргізушілерден ада болуы тиіс. Осындай мақсат қойған  полиция департаментінің басшысы барлық қызметкерлерін жол бойына шығарды. Айта келелік, бұл шара алты айға жалғасады. 

Кенже Қонысбай,  облыстық ПД баспасөз қызметінің бас маманы:

- Қазіргі кезде облыс орталығының өзінде 26 экипаж қызмет істеп отыр. Осы жедел алдын-алу іс-шарасы аясында, ешкімнің де лауазымына, дәрежесіне қарамастан ішімдік ішіп,рулге отырған адамды заң жүзінде жазаға тартатын боламыз.

Жаңаөзен қаласы маңындағы Теңге ауылында тұрғындар хаски тұқымдас итті атып тастаған. Осы әрекеттерін бейнетаспаға тартып үлгеріпті. Онда бірнеше жігіттің қорада жатқан итті бірнеше рет мылтықпен атқаны жазылыпты. Жануарларды қорғау қауымдастығындағылар бұл азаматтар хаски тұқымдас итін қойға шапқан қасқырмен шатастырған деген жорамал айтып отыр. Алайда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Шығыс Қазақстан облысында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында заңсыз балық аулаған 40 жастағы азамат ұсталды. Ол Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлінің жағасында қолға түсті. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 400 мың теңге деп бағаланып отыр. Қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Батыс Қазақстан облысында заңсыз киік аулаған 9 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оларға бас бостандықтарын шектеу жазасы тағайындалды. Өткен жылы осындай 26 оқиға тіркеліп, киелі жануардың мүйізіне қызыққандар ұсталған. Браконьерлер 700 мүйізді заңсыз сатып жібермек болған. Бір қуанарлығы, өңірде ақбөкендер саны өсіп келеді. Былтыр мамандар 217 мың басты есепке алған, 10 жыл бұрын олардың саны 7 мыңнан аспайтын еді. 

Қайрат Қадешев, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының жетекшісі:

- 26 қылмыстық істің жетеуі сотқа дейін жеткізілді, қаралды, 40 миллионнан астам теңге залал өндіріліген соттың шешімі шықты. Техника, квадроцикл, мылтық тәркіленді.

Хабар 24 телеарнасы