379,71 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында қар құрсауынан 35 адам құтқарылды

  • 104
  • UPD: 15:26, 11.02.2020

Қостанай облысында қар құрсауында қалған 35 адам құтқарылды. Бұл туралы аймақтың ТЖД хабарлады. Құтқарушылар Тасты ауылына жақын маңдағы Арқалық – Амантоғай тасжолында үш жолаушысымен қалған автокөлікті қауіпсіз жерге шығарған. Сонымен қатар Дәмді ауылына жақын жерде қарға батып қалған көлік керуені көмек сұраған. Құтқарылған  15 адамның екеуі бала. Төтенше жағдайлар қызметкерлері Арқалық қаласына келе жатқан жолда тағы 10 адамды эвакуациялаған. Соңғы күндері бас-аяғы 35 адам құтқарылыпты. Олардың ешбірі медициналық көмекке жүгінбеген.

Орал қаласында көлік ұрлығы жиілеп барады. Және қолды болған темір тұлпарлардың дені шетелдік тіркеудегі автомобильдер екен. Мәселен, 2017 жылы ұрланған 133 көліктің 9-ы Ресейде есепте тұрған болса, былтыр ұрланған 137 автомобильдің 68-і шекараның ар жағынан келіпті. Мұның себебін мамандар тиісті тіркеуге қойылмаған көліктерді қолдан-қолға сатудың оңайлығымен, әрі қосалқы бөлшек түрінде өткізудің жеңілдігімен түсіндіреді. Сонымен қатар соңғы кезде көрші елден келген көліктердің арасында түрлі қаржы ұйымдарында кепілде тұрған және ұрланған көліктер де көбейіп кеткен дегенді алға тартады тәртіп сақшылары.

Шерәлі Әбдіраманов, полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы:

- Ресей мемлекетінен келеді, ол жақта ұрлыққа арыз береді, іс қозғалған. Ал ұрланған машина осы біздің Батыс Қазақстанда жүреді. Олар келеді, ана жақта машинаны ұрлап кетті дейді, сіздерде жүр дейді. Сосын бізге ұстап беріңіз дейді. Осындай жағдайлар жиі болады. Олардан алып қойып, Ресей азаматына біз бере алмаймыз.

Көкшетауда өлімге бас тіккен 34 жастағы азаматты полиция қызметкері құтқарып қалды. Ол жаяу жүргіншілерге арналған көпірден темір жолға секірмек болып, вагонның үстіне түскен. Батылдық танытқан полиция қызметкері оның ары қарай секіруіне жол бермеді. Оқиғаны сырттан бақылаған адам ұялы телефон камерасына түсіріп алыпты. Кейін оның ішімдік ішкені және Солтүстік Қазақстан облысының азаматы екені белгілі болды.   Тепсе темір үзетін жігіттің мұндай қадамға баруының себебі анықталу үстінде.

Павлодар облысында есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы көп қабатты үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына салынған есірткі граффиттилеріне қарсы күрес жариялады. Жыл басынан бері жасанды есірткі заттары саудаланатын мекенжайды нұсқайтын  47 граффити өшірілген. Жуырда қақпалар мен қабырғаларға сурет салумен айналысқан 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Есірткі заттарын жарнамалап жүрген қылқалам шебері енді  қылмыстық жазаға тартылмақ.

Полицейлер 2020 жылдан бастап электронды ақпараттық ресурстар арқылы жүргізілетін есірткі айналымына қатысты жазаның күшейтілгенін атап өтті. Мұндай әрекеттер аса ауыр қылмыс түріне жатқызылады. Қолданылатын жаза қатаң. 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылады.

Ирина Темірғалиева, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі:

- 2020 жылы Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу заңы күшіне енді. «Есірткі, психотропты заттар мен олардың баламаларын және есірткі жасауға қолданылатын бұйымдарды жарнамалау мен насихаттау» бойынша жаңа үлгі енгізілді. Аталған бап бойынша 3-тен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Хабар 24 телеарнасы