419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы маңында 22 балалы отбасының үйі өртеніп кетті

  • 620
  • UPD: 16:53, 11.02.2020
Алматы маңында 22 балалы отбасының үйі өртеніп кетті

Алматы облысында 22 баланың анасы Зарина Шумаеваның үйі өртеніп кетті.

Қазір оның отбасы көршілерін паналап жүр, деп хабарлады Tengrinews.kz

Өрт 10 ақпанда Абай ауылында болған. Отбасы мен жануарлар өрттен аман қалған, бірақ жеке заттары, жиһаз, техника мен киімдерінің бәрі өртеніп кеткен.

«Кешке үй төбесі өртенді. Біз заттарды алып шығуға тырыстық, бірақ өрт жылдам тарала бастады. Сол кезде балаларды ұстап далаға жүгіріп шықтық. Кейін күйеуім өртеніп жатқан үйден жануарларды алып шықты», - деді Зарина Шумаева. 

Отбасыға киім-кешек пен азық-түлік әкеліп көмектесуге тырысқандар болыпты, бірақ оларды қоятын жер жоқ, отбасы қазір көршісінің кішкентай үйін паналап отыр.

«Үй ескі, 1948 жылы салынған. Соңғы бірнеше жыл бойы шенеуніктерден жөндеу жұмыстарына қаражат беруді сұрағанмын, бірақ енді үйді қайта тұрғызуға келмейді», - дейді көпбалалы ана.

Отбасыға Қарасай ауданының әкімдігі көмектесуге уәде берді. 

«Оларға қонақүйге орналасу ұсынылған, бірақ олар бас тартып, көршілерінде қалды. Бүгін, 11 ақпанда, балаларының санын ескере отырып, меценаттардың қолдауымен уақытша баспана ұсынамыз. Үй кем дегенде 150-180 шаршы метр болады. Қазір екі нұсқа қаралып жатыр. Одан бөлек отбасыны тұрақты баспанамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ауданның меценаттары бұл отбасыға үлкен үй сатып әперуге дайын екенін жеткізді», - деп хабарлады Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.

Зарина жарымен бірге бес туған баласы мен 17 асыранды баланы тәрбиелеп отыр.

Хабар 24 телеарнасы