439,01 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда пәтер тонағандар ұсталды

  • 177
  • UPD: 12:22, 12.02.2020

Петропавл қаласында пәтер тонаумен айналысқандар қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Олар қаладағы екі баспананы тонап, 1 жарым миллион теңгені қолды қылған. Күдікті 4 жігіт Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары болып шықты. Бәрі де бірнеше рет сотталған. Қазір қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлердің айтуынша, ұрылар пәтер есігін кілт таңдау арқылы ашып отырған. Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарға мұқият болуға кеңес береді. 

Мәдияр Хәріпов, облыстық ПД басқармасының аға жедел уәкілі:

– Олар Петропавл қаласынан шыға берісінде «Оңтүстік» бекетінде ұсталды. Тексеру жұмыстары кезінде олардан ұрланған ақша және арнайы есіктерді ашатын құралдар тәркіленді.

Атырау облысында бір отбасы иіс тиіп уланған 

Атырау облысында бір отбасы иіс тиіп уланып қалған. Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Жылыой аудандық ауруханасына Құлсары қаласынан 12, 14 және 15 жастағы үш бала анасымен бірге жеткізіліпті. Оларға түтіннен улану диагнозы қойылған. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.

Рашид Біләлов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы:

– Ошақ мұржасының бітелуінің салдарынан болғаны анықталып отыр. Былтырғы жылыту маусымы кезінде бізде 3 факт тіркелді. Биыл сол 1 факт тіркеліп отыр.  

Павлодар облысында жолда қалып қойған жолаушыларға көмек көрсетілді

Павлодардың жол-патрульдік полициясы жолаушыларға көмек көрсетті. Он тоғыз адам мінген шағын автобус Сарыағаш-Новосібір автокөлік жолында бұзылып қалған екен. Жолаушылар аязды күнде екі сағат бойы көлік салонында тоңып отырған. Әрлі-берлі жүйткіген көліктердің бірі де тоқтамапты. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері көлікті жөндеп бергеннен кейін автобус жолға шығып кетті.

Атырауда 3 күнде 83 автокөлік айып тұрағына қойылды

Атырауда төленбей келген айыппұлдарды қайтаруға арналған «Борышкер» акциясы басталды. Облыстық Полиция және Әділет департаменттері жеке сот орындаушылармен бірлесе отырып жүргізген рейдтік шара барысында 83 борышкерді анықтады. Айыппұлдан жалтарып жүргендердің 70-і ресейлік, 32-і армяниялық мемлекеттік нөмір таққандар болып шықты. Оларға тәртіп сақшылары уақытша ескерту қағазын берді. Егер 5 күннің ішінде айыппұлдарын төлемесе, іс сотқа жолданады. Акцияға 300-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Олар «автоураган» жылжымалы бақылау қондырғысымен жарақтандырылған. Осы заманғы озық технологияның көмегімен тәртіп сақшылары автокөліктің мемлекеттік нөмірі арқылы оны иесінің борышы бар-жоғын тез арада анықтайды. «Борышкер» шарасы 7 күнге созылады.

Құрмет Сыдықов, жеке сот орындаушы:

– Осы 3 күн ішінде қала аумағынан мемлекет пайдасына айыппұлдарды өндіру мақсатында 83 автокөлік айып тұрағына қойылды. Өндірілуге тиіс көлемі 3 миллионға жуық айыпұлды өндіру шаралары жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы