428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Сағынтаев Алматыдағы қайғылы жағдайдың себептерін анықтау жөнінде арнайы топ құруды тапсырды

  • 395
  • UPD: 21:26, 13.02.2020

Алматыда жетінші сыныпта оқитын үш оқушы суға батып көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24»

Кеше кешке қарай әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің жоғалғаны туралы ақпарат жарияланып еді. Ал бүгін таңертеңмен қалалық полиция департаменті олардың денелерінің табылғаны туралы суыт хабарды жеткізді.

Ұлан Нарынбек, тілші:

– Үш оқушының денесі осы бір шағын көлшіктен табылды. Бұл жерге кәріз суы жиналады екен. Байқасаңыздар, көлшіктің ана жағасында мұз мүлдем жоқ. Оқушылар абайсызда, жұқа мұздың үстінде ойнап жүріп суға батып кетсе керек.

Бұл – Теректі ықшам ауданындағы 184-ші мектеп. Қаза болған оқушылар түскі сағат екіде сабаққа келулері тиіс еді. Бірақ мектепке бармаған. Зәресі ұшқан ата-аналар кешкі сегізге таман полицияға хабарласқан. Іздеуге волонтёрлер де жұмылдырылды. 

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

– Түнге қарай Теректі ықшам ауданында орналасқан судың жағасында үш баланың жеке мүлкі табылды. Яғни мектеп дорбалары. Балалар суға түсіп қалуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармай біз суда іздейтін мамандарды жұмылдырдық. Түні бойы балаларды іздеп шықты.

Өкінішке қарай таңғы сегізге таман үш баланың денесі судан табылды. Денис пен Вадим көрші, ал Сабыр келесі көшеде тұрады екен. Мәпелеп өсірген балаларынан айырылған отбасылар енді қайғыдан қара жамылып отыр. Лена өз ұлын сағат бірде мектепке шығарып салғанын, ал кешкі жеті жарымда хабарласа алмағанын айтты. Оқушылардың мектепке келмегенін мұғалімдер де ескертпепті.

Диана Николаева, Денистің туысқан әпкесі:

– Бізге балалар бүгін мектепке келген жоқ деп ешкім хабарласқан жоқ. Олар бізден естіп білді. Лена Денистің  сыныптастарына қоңырау шалып ұлының автобусқа мінген, мінбегенін сұрады. Лена сөйлескен барлық оқушылар Денистің, Вадим мен Сабырдың да мектепке келмегендерін айтты.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қайғылы жағдайдың себептерін анықтау жөнінде арнайы топ құруды тапсырды. Сондай-ақ, тергеу барысын жеке бақылауында ұстап, зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетілетінін айтты.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы