448,52 487,00 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада көп қабатты үйдегі өрттен адам құтқарылды

  • 184
  • UPD: 10:55, 17.02.2020

Қызылордада 3 қабатты тұрғын үй пәтерлерінің бірінен өрт шығып, бір адам құтқарылды. 1967 жылы туылған азамат қою түтін арасынан ес-түссіз күйде табылған. Көмірқышқыл газына уланған пәтер иесі облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

Атырау қаласында бес қабатты үй отқа оранды. Махамбет көшесі 121 үйдің шатырынан алаулаған отты байқаған тұрғындар дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабарласқан. Және лезде әлеуметтік желіге жүктеп үлгеріпті. Дереу жеткен өрт сөндірушілер бес қабатты үйдің жоғарғы қабатында тұратын 30 пәтердің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшірді. Абырой болғанда, өрттен зардар шеккендер жоқ. Куәлердің айтуынша, бірінші подьезден басталған өрт, шатырға шапшып, жалпы үйге қауіп төндіріпті. Осылайша, санаулы сағаттарда апат аумағы ұлғайып, тұтас үйге жайылды. Төтенше жағдайлар қызметінің шұғыл әрекеті арқасында аумағы 600 метр аймақтан шыққан отты жалын ауыздықталды.  Өкініштісі, көп қабатты үйдің жоғарғы бөлігі толықтай отқа оранды.

Петропавл қаласында да 9 қабатты үйдің пәтерлерінің бірінен өрт шығып, өкінішке орай 1 адам қаза тапты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде пәтер ішіндегі жихаз, үй мүліктері ашық жалынмен жанып жатқан. Қызыл жалынды ауыздықтау барысында 1936 жылы туылған әйелдің мүрдесі табылды. Өртті көндіруге төтенше жағдайлар департаментінен 20 адам мен 6 техника жұмылдырылды. Тілсіз жау 18 шаршы метр аумақты шарпыған. Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрмыста, пешті, газ және электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттілігі туралы ескертеді. 

Шымкент қаласында соңғы күндері жауын-шашын көп түсіп, бірнеше көшені су басып қалды. Нәтижесінде 1 тәулікте өрт сөндірушілер қала аумағындағы су жиналған жерлерде 4 рет су шығару жұмыстарын атқарды. Бұл бағыттағы жұмыстар Абай ауданы, Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшелерінің қиылысының бойында, Қаратау ауданы, Қайтпас-1, Қайтпас-2 мөлтек аудандарындағы Мырзабеков, Болашақ көшелерінде жүргізілді. Қаладағы Линейная көшесі бойындағы  иригация  жүйесіндегі  құбырға қоқыстың толуы  салдарынан  бір үйдің ауласына су кірген. Өрт сөндірушілер құбырдағы  қоқысты  тазалап, судың жолын ашып берді. Жиналған суды шығару жұмыстарына департаменттің жеке құрамынан 24 адам , 8 техника және 6 мотопомпа жұмылдырылған. Жалпы шығарған судың көлемі 92 текше метрді құрады. ТЖ департаментінің жеке құрамы тәулік бойы кезекшілікте тұрып, қалада төтенше жағдайлардың орын алуына жол бермеді. 

Атырау облысында құрылыс материалдары тиелген 5 вагон рельстен шығып кетті. Төтенше жағдай Индер ауданында болған. Бұл темір жол учаскесі жеке меншікті екен. Зардап шеккендер жоқ.  Қазіргі уақытта облыстық көліктік бақылау инспекциясы вагондардың рельстен шығып кету себептерін анықтауда. Тексеру аяқталғаннан кейін кінәлілерді әкімшілік жауапқа туралы мәселе қаралатын болады.

Хабар 24 телеарнасы