420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаудағы колледж директоры оқу орнында сауда жасаған

  • 711
  • UPD: 22:32, 19.02.2020

Ақтаудағы «Меридиан» колледжінен шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медициналық колледждің директоры студенттерді 180 теңгеге бахила сатып алуға мәжбүрлеген-мыс. Онысымен қоймай, 25 мың теңгеден ақ халат сатпақ болған.

Оқу орнының басшысы Түркияда тігілген халат арнайы дәрімен өңделген деген уәж айтыпты. Тым қымбат бағаға қарсылық танытқандардың сабаққа жіберілмейтінін және ескерткен. Қазір мәселенің мән-жайын өңірлік білім басқармасы анықтап жатыр.

Айнаш Әлиева құны 180 теңгелік бахилланы сатып алмағаны үшін сабақтан қуылған студенттің бірі. Түс уақытында суық далаға шығарылған жастарға сырт киімін алу үшін колледж ауласында дірдектеп күтуге тура келген.

Айнаш Әлиева, екінші курс студенті:

- Директор келді де, бізге 180 теңгеге бахилла сата бастады. Сосын біз «алмаймыз» деп айттық. Бірақ ол тыңдамай, келесі күні алмаған адамдарды сабағымызға келіп, өзі қуып шықты. Екіқабат қыздар да жүрді, дала суық. Біз кірейін десек кіргізбейді.

Студенттер бахилланың дәріханадағы көтерме сауда бәсі 2-3 теңге болатынын алға тартып, директордың ұсынысынан бас тартыпты. Сабаққа себепсіз қатыспағаны үшін 1000 теңгеден төлеу қажеттігін білсе де, жастар алған бетін қайтпаған. Олардың көмек сұрап «Nur Otan»-ға барғанын естіген бойда колледж басшысы өз кабинетінде жиналыс өткізіпті. Ол жерде айтылған әңгіме смартфонға жазылып алынған.

- С Турции привозили, они же обработанные.

– В аптеках такие же?!

– Нет, не такие.

– А мы все равно не будем покупать!

– Ну, не покупаете, тогда отчислитесь!

Студенттердің сабақ оқуына кедергі болған мәселе жөнінде ата-аналар да құлағдар. Айтуларынша, балаларының оқу ақшасы уақытында төленеді. «Білдей басшының сауда-саттықпен айналысқаны ақылға қонымсыз», - дейді олар.

Несібелі Мөңкеева, көп балалы ана:

Өзім көп балалы анамын, бес балам бар. Артық мәселе жоқ, бірақ бір жылға төлеп тастадық. Әйтеуір, осыларды оқудан шығармасын деп. Бірдеңе айтса, «оқудан шығарам» деп айтады дейді.

Әлгі колледж жекеменшіктегі нысан. Есігінде күзетші тұрған ғимаратқа журналистер үшін жол жабық. Осы себепті студенттердің мұңын арқалап облыстық білім басқармасына жүгіндік.

Нұрлыбек Қойжанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- «Меридиан» колледжіне қатысты түскен арызға байланысты біз қазіргі таңда ведомствоаралық комиссияны құрдық. Оның құрамында білім сапасын бақылау жөніндегі департамент өкілдері, Маңғыстау облысы бойынша «Адалдық алаңы» деген жобалық офис бар. Соның өкілдерін кіргіздік. Колледж тарапынан нағыз нұқсан келтіретіндей құқықбұзушылықтар анықталса, тиісті құзырлы органдарға жолдайтын боламыз. Прокуратураға немесе басқа органдарға.

Облыстық білім басқармасының өкілдері ведомствоаралық комиссияның жұмысы осы сенбіде аяқталарын айтып отыр. Одан әрі дәйекті деректер құзырлы органдарға жіберіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы