426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«ҚазАгро» холдингінің еншілес ұйымы ауыл кәсіпкерлеріне бөлінген 11 млрд теңгені депозитке салған

  • 364
  • UPD: 20:31, 27.02.2020

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бөлінген 11 млрд теңгені депозитке салған. Сөйтіп, пайда табуды көздеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қазір осы мекемеге қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы IV республикалық кәсіпкерлер форумында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев хабарлады. 

Алик Шпекбаев ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

- Агенттік «ҚазАгроның» еншілес ұйымы Аграрлық несие корпорациясына қатысты тергеу жүргізу үстінде. Ұйым басшылығы заңсыз сыйақы алу үшін Хоум Кредит банкіндегі депозитке ауыл кәсіпкерлерін жеңілдікпен несиелендіруге бағытталған 11 млрд теңгені салған. Бұл бір банк бойынша ғана жағдай. Тексеру жұмыстары енді ғана басталды. 

Сыбайлас жемқорлық деректері Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында ең көп анықталған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүргізген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы осындай. Бармақбасты, көзқысты әрекеттер әсіресе, жер қатынастары, экология, салық және сатып алулар саласында жиі кездеседі екен. 

Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

- Жалпы сыбайлас жемқорлықпен қатынасы бар кәсікпкердердің саны төмендеген. Алайда жалпы параның орташа мөлшері өскен. 2018 жылы 193 мың болған кәсіпкерлердің айтуынша, 2019 жылы 205 мыңға өскен. Сыбайлас жемқорлық төмен Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы.

Хабар 24 телеарнасы