445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада екі айда бес адам жол апатынан қаза тапты

  • 121
  • UPD: 21:02, 28.02.2020

Елордада өткен айдың орайында 70-тен астам жол апаты болып, 5 адам қаза тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 79 азамат жарақат алды. Жолда апатқа ұшырағандардың арасында ішімдік ішіп, рөлге отырғандар аз емес.

Астаналық жүргізушілер 2020 жыл басталғалы бері 15 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзыпты. Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырып, бағдаршамның қызыл түсіне өтетін көрінеді. Тіпті жуырда ғана заңның күшейтілгеніне қарамастан, мас жүргізушілер де кездеседі. Жыл басынан бері осындай ішімдік ішкен 25 адам ұсталыпты.

Бауыржан Ғалымжанұлы, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

Жүргізушілер әкімшілік жазаға тартылып, яғни 7 жылға жүргізу куәлігінен айырылады. Және 15 тәулікке қамалады.

Жалпы жыл басталғалы жол ережесін бұзғандарға 100 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Алайда, айыпты жүргізушілердің дені мұнымен келіспей отыр. Олардың айтуынша, «Сергек» камералары тәртіптің бұзылған-бұзылмағанын дәл анықтай алмайтын көрінеді. «Әсіресе, жол белгілері анық көрінбейтін қыста негізсіз айыппұл көбейеді», - дейді астаналықтар. Ал «Сергектің» авторы «жол-көлік оқиғасының анық-қанығына инспектор жетеді», деп отыр.

Әсет Ахметов, компания директоры:

- Мәселен, мен жедел жәрдем көлігіне жол беру үшін стоп-жолақты кесіп, бағдаршамның қызыл түсіне өттім. Бұл жағдайда айыппұл келе ме деген сұрақтар әлеуметтік желіде жиі қойылады. Әрине, автоматты жүйе үшін бұл жол ережесін бұзу. Осы жерде процеске инспектор араласып, видеоны мұқият көріп шығады. Егер жүргізуші шын мәнінде ереже бұзуға мәжбүр болса, оны ақтайтын себеп болса, онда бұл іс қысқартылады.

Айтпақшы, Арқаның ақтүтек бораны да бірнеше жол апатына себеп болды. Нақтырақ айтсақ, соңғы тәуліктерде 80-нен астам көлік соғысып қалған. Өкініштісі сол, жол-көлік оқиғалары кезінде 1 адам қаза тауып, тағы біреуі ауыр жарақат алыпты.

Хабар 24 телеарнасы