443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада базардағы дүңгіршектер өртенді

  • 119
  • UPD: 12:26, 03.03.2020

Қызылорда қаласындағы «Айтбек» және «Отырар» сауда орталықтарының жанында орналасқан бірнеше дүңгіршек отқа оранды. Бұл жерде тез дайындалатын тағамдар мен құрғақ жемістер сатылған және нан қоймасы болған. «112» нөміріне хабарлама түскен бойда өрт сөндірушілер шұғыл әрекет етіп, дүңгіршек жанындағы қос сауда орталығын қызыл жалыннан аман алып қалды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 30 құтқарушы мен 9 техника жұмылдырылған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда. 

Әбділда Баякеев, авариялық құтқару жұмыстары және өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары:

- Өрт сынақ зертханалары қазіргі таңда жұмыс жасауда қызметкерлері. Алдын ала электр сымдарының қысқаша тұйықталуы деп ойлап отырмыз. Мамандардың қорытындыларымен нақты ақпарат берілетін болады. 

Түркістан қаласында депода еңбек ететін азаматтың бірі әріптестерінің ақша бопсалағанын айтып, полиция шағым түсірген. Айтуынша, үш жігіт оның жұмыстағы заңсыз әрекеттерін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаймыз деп қорқытып, 1 миллион теңге талап еткен. Арнайы жүргізілген операция барысында күдіктілер 400 мың теңге алып жатқан жерінен қолға түсті. 

Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Түркістан облысының полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен Түркістан қаласында жүргізген іс-шаралар барысында күдікті ретінде үш бопсалаушы ұсталған. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194 бабы бойынша қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Үшеуі де қамауда. Болған оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің алдында автокөлік өртенді. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, 12 минутта тілсіз жауды ауыздықтаған. Қазір қызыл жалынның қалай тұтанғаны анықталып жатыр. Автокөлікке газ қондырғысы орнатылмаған.

Хабар 24 телеарнасы