399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде шипажай тәрбиешісі бүлдіршінге қол жұмсады

  • 312
  • UPD: 22:18, 04.03.2020

Ақтөбедегі «Шағала» шипажайының тәрбиешісі бүлдіршінге қол жұмсады. Қызметкердің бұл әрекеті бүгін әлеуметтік желілерде тарады. Бір топ баланың алдында кішкентай бөбекті өзінше жазалаған азаматқа қандай шара қолданылады? 

Интернет бетін парақтап отырған оқырманның жүрегін селк еткізген бұл бейнетаспаны «Шағала» шапажайындағы бөбектердің бірі түсірген. Оның айтуынша, мұндай қатыгездікке мекеме қызметкерлері жиі жол беретін көрінеді. 

Бірінші болып дабыл қаққан ата-аналар болатын. Артынша тәртіп сақшылары мен құзырлы орган өкілдері тексеру жұмыстарына кірісіп кетті. Полицейлер зардап шеккен бала мен оқиғаны көзімен көрген кішкентай куәгерлерден мән-жайды анықтап жатыр. 

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдары жүргізілуде, дене жарақаттарының болуы мен ауырлығын анықтау мақсатында сараптама тағайындалды.  

Қазір облыстық әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия да тексеруге кірісті. Бүлдіршінді соққыға жыққан тәрбиешімен қатар оның қасында қарап отырған ересек жанның да әрекетіне тиісті бағасын беруі тиіс. Әзірге шипажай басшылығы «екеуін де жұмыстан босаттық» деп отыр. Мекеменің бас дәрігерінің айтуынша, мұндай оқиға шипажайда бұрын-соңды болмаған. 

Серік Жаңылсынов, «Шағала» облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезі шипажайының бас дәрігері:

- Негізі 30 жылдан астам жұмыс істейді екен біздерде тәрбиеші болып. Бұрын соңды оның артынан осындай шағым-арыз түспеген. Тәрбиешіні бүгін шақырып жаңа түсініктеме алдық. Толық мойындап тұр. 

Қазір «Шағала» облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезінің шипажайында жүзден астам бүлдіршін бар. Бұл жерге олар дертті болған жақындарынан уақытша оқшаулау үшін жеткізіледі.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы