447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында нәрестелі әйелді көлік қағып кетті

  • 170
  • UPD: 11:02, 05.03.2020
Жамбыл облысында нәрестелі әйелді көлік қағып кетті

Қайғылы жағдай 4 наурыз күні түнде Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

BMW тізгіндеген 28 жастағы тұрғын 44 жастағы әйелді үш айлық баласымен жаяу жүргіншілер жолында қағып кеткен. Ана оқиға орнында тіл тартпай кетті. Байзақ аудандық орталық ауруханасына жеткізілген нәресте де ауыр жарақаттан шетінеді. Оқиға орнын тексерген мамандар жолдың құрғақ болғанын, көлікте ешқандай ақау шықпағанын анықтады.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізуші алкоголь ішпеген және қан құрамынан есірткі табылмады. Ұсталған азаматтың айтуынша, апатқа әйелі екеуінің арасындағы жанжал себеп болған. Үйден ашумен шыққан жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс арттырғанын мойындап отыр. Алдында келе жатқан көлікті айналып өтуге әрекеттенген ол рөлге ие бола алмай, жолындағы жүргіншіні қағып кеткен.

Қазір осы дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші өз кінәсін толық мойындады. Ол Тараз қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалып, көлігі арнайы тұраққа қойылды.

 

Хабар 24 телеарнасы