447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


12 наурыз. Оқыс оқиғалар хроникасы

  • 194
  • UPD: 10:52, 12.03.2020

Ақтауда 18 жастағы қыз баланы көлік қағып кетті. Қайғылы оқиға 11 және 12 шағын аудандарының аралығында болды. 2002 жылы туған жаяу жүргінші жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болған. Жылдамдықпен келе жатқан жүргізуші тоқтап үлгермей оны соғады. Бұл факті бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айып тұрағына қойылды.  Ал жарақат алған адам облыстық ауруханаға жатқызылды.

Ақмола облысының Целиноград ауданында жолаушылар автобусы жанып кетті. Төтенше жағдай Қосшы ауылының маңындағы «Алтын бала» аялдамасында болған. Отқа оранған «Нұр-Сұлтан - Қосшы» бағытына қатынайтын номері 303 қоғамдық көлікті өрт сөндірушілер сөндіріп алды. Қызыл жалын 21 шаршы метрді шарпыған. Бастысы, зардап шеккендер жоқ. Қазір оттың шығу себебі анықталып жатыр. 

Өскеменде осыдан бір ай бұрын «Лексус 570» көлігін қасақана өртеп кеткен азамат қолға түсті. Оқиға Стрелка ауданында болған. Күдікті түнгі сағат 2 шамасында аулада тұрған автокөліктің дөңгелегіне белгісіз сұйық зат төгіп, өртеп жіберген. Кейін бірден ізін жасырған. Полиция қызметкерлері қаладағы бейнебақылау жүйелері жазбаларын жіті бақылай келе ақыры оны қолға түсірді. Ол 27 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қазір уақытша қамау абақтысында отыр. Оның не үшін бұндай қадамға барғаны анықталуда. Шығын көлемі 22 миллион теңге. ҚР ҚК 202 бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Жамбыл облысының тәртіп сақшылары есірткі саудасына қатысы бар деген 41 жастағы Төле би ауылының тұрғынын ұстады. Күдікті мінген көлікті тінту кезінде, салмағы 4 келі 600 грамм гашиш заты табылды. Сондай-ақ оның тұрғылықты мекен-жайынан 12 калибрлі мылтық, 4 оқдәрі, ал қоймадан 30 келі 380 грамм марихуанна анықталды. Сезікті кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұл дерекке  қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Өскеменде миллиондаған қаржыны жымқырған қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілер осыдан бірнеше күн бұрын қаланың жаңа ықшам ауданындағы мейрамаханаға түнгі сағат 3 шамасында терезеден кіріп, металлдан жасалған сейфті ұрлап кеткен. Оның ішінде 20 200 доллармен 100 000  теңге болған. Көп ұзамай 26 және 35 жастағы екі азамат  ұсталды. Олар кінәларын толық мойындады. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қылмысты жедел ашуға көше камерасының көмегі тиді. Өйткені мейрамхана ішінде күдіктілер беттерін тұмшалап алғандықтан, оларды анықтау қиынға соққан.

Надир Болатұлы, полиция бөлімі бастығының орынбасары: 

- Айтуларынша, ішіндегі қаражатты алған соң сейфті жол шетіне лақтырып кеткен. Қазір екеуі де уақытша қамау абақтысында отыр. ҚР қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

«Алматы-Көкпек-Көктал» тас жолында ауыр жүк көлігі патрульдік машинамен соғылды. Жол апаты әлеуметтік желіде оқырмандар тарапынан үлкен резонанс тудырған. Сондықтан полицейлер бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Айтуларынша, жалған мемлекеттік номер таққан темір тұлпарды аңдып келе жатқан тәртіп сақшылары кенеттен тоқтап қалған кезде, жүк көлігі артынан соққан. Салдарынан жол сақшылары тізгіндеген «Hyundai Elantra» көлігін жолдың қарсы бағытына шығарып жіберген. Бастысы ешкім зардап шеккен жоқ.

Хабар 24 телеарнасы