427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда өрттен егде жастағы адам қаза тапты

  • 286
  • UPD: 10:24, 15.05.2020
Петропавлда өрттен егде жастағы адам қаза тапты

Петропавлда жұмыстарымен жүрген қалалық әкімдіктің екі қызметкері үйдің жанып жатқанын көріп, ішінен 11 жасар қызды шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 14 мамыр күні болған. Петропавл қалалық әкімдігінің заң бөлімінің жетекшісі Наталья Дёрова мен тұрғын үй –коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Досұлан Босынов Береке ықшам ауданында көлікпен өтіп бара жатып бір үйден жалынды байқап қалады.

«Мен бірінші электр желісі қысқа тұйықталған шығар, үй иелерін ескерту керек деп қасымдағы Натальяға айттым. Ол бұрын өрт сөндіру қызметінде жұмыс істеген. «Жанып жатыр» деді. Біз келгенде үйдің шатыры лапылдап жанып жатты. Көршілер де жетіп, үйде бала болуы мүмкіндігін айтты», - дейді Досұлан Босынов.

Бірден «101» нөміріне хабар берген олар биік қоршаудың есігін бұзып кіріп, үйге жүгіреді.

«Үш қабатты терезе әйнегін сындыруға жұмсаған бірнеше секунд бізге сағаттар өткендей көрінді. Терезеден есеңгіреген қызды көрдік. Шақырып едік, ол үйде атасы барлығын, оны құтқару қажеттігін айтып айғайлай берді. Досұлан түтінге толған үйге кірмекші болды, жібермедім. Өйткені қайтып шықпас еді. Екеуіміз екі жақтан қызды көндіріп, терезеден көтеріп алдық. Атасының жанып жатқан верандаға кіріп, қайта шықпағанын көрген қызды әзер жұбаттық. Кешікпей өрт сөндірушілер де келді», - дейді Наталья Дёрова.

Наталья өрт сөндірушілердің отбасынан шыққан. Әкесі бірнеше жыл осы салада еңбек етті. Наталья да кезінде өрт сөндіру қызметінде еңбек етсе, қазір қызы Ирина олардың жолын жалғастырып жатыр. Ал Досұлан 13 жыл бұрын Шымкенттен қоныс аударып, жергілікті жоғары оқу орнын бітірді. Ішкі істер органдарында еңбек етті. Өрт сөндірушілер жалынды жарты сағаттың ішінде ауыздықтады. Үйден газ балонды алып шығып үлгірді. Ал үй иесі 63 жастағы ер адам мерт болды.

Алдын ала болжам бойынша өрт темекі тұқылынан шығуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы