432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада карантин кезінде төрт бала терезеден құлап кеткен

  • 371
  • UPD: 15:39, 15.05.2020

Елордада төрт бала терезеден құлап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантин кезінде осындай оқыс жағдайлар тіркелген. Біреуі мерт болса, қалғаны ауруханаға жеткізілген. Құтқарушылар «соңғы уақытта мұндай деректер тым жиілеп кетті», дейді. Сондықтан ата-аналарға аса сақ болуды ескертіп отыр.

Жетінші қабатта тұратын Сәния Жүнісованың екі баласы бар. Ол үлкені терезенің жақтауына жақындай беретінін байқаған бойда арнайы тор орнатқан. Енді алаңсыз үй шаруасымен айналысады. Бала аман, ал ата-ананың көңілі тыныш.

Сәния Жүнісова, қала тұрғыны:

- Балаларымның қауіпсіздігін ойлап, осындай темір торды орнаттық. Кейде басқа бөлмеге кетіп қалғанда уайымдамай жүрем. Өйткені олар жастары келген сайын әйнекке қарай ұмтылады. Балаларым қазір 4-5 жаста. Ең қызықты сәттері ғой.

Терезеге орнатылатын қорғаныш құралдарының түр-түрі бар. Бірақ көп жағдайда ата-аналар бұл мәселеге салғырт қарайды. Баласының амандығы үшін терезеге темір тор орнататындар аз. Осы орайда қалалық төтенше жағдайлар департаменті көп қабатты тұрғын үйлерді аралап, қарапайым қауіпсіздік ережелері туралы ақпаратпен бөлісті.

Бауыржан Сыздықов, қалалық ТЖД бастығы:

- Коронавирусқа байланысты карантин мерзімінде Нұр-Сұлтан қаласында жоғары қабаттардан балалардың құлау бойынша 4 жағдай орын алды. Оның ішінде бір жағдайда бала қаза болды. Үшеуі ауруханаға жатқызылды.

Соңғы үш жылда елорадада 46 бала терезеден құлап, оның 12-сі қайтыс болған. Көп жағдайда бұл ашық қалған терезелер мен ата-аналардың жауапсыздығынан болады. Сондықтан мамандар бүлдіршіндерді қараусыз қалдырмай, үйдегі жиһазды бала терезенің алдына шыға алмайтындай етіп алшақ қоюға шақырады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы