426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда құтқарушылар өрт шыққан үйден 83 адамды эвакуациялады

  • 289
  • UPD: 21:39, 19.05.2020

Оның ішінде 33 жасөспipiм бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өрт түнгі сағат 23:38 шамасында болған. Сақтық шараларын сақтамаудың салдары туралы өңірдегі арна тілшісі Талғат Серікқалиұлы әңгімелейді.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Оқыс оқиға №6 шағын аудандағы мына 10 қабатты үйде тіркелді. Хабар түсісімен шұғыл жеткен құтқарушылар өрттің 3-қабаттағы дәлізде тұтанғанын анықтады.

Өрт сөндірушілер бұл жерге 5 минутта жетіпті. Жалын тілі небары 5 шаршы метр жерді шарпыған. Өрттің ошағы қазір қара күйеге айналған мына диван екен. Құзырлы органдардың алдындағы ендігі міндет бұл жиһаздың кімге тиесілі екенін анықтау болып тұр.

Өйткені өзі аядай жерге қойылған бұл диванның тұрғанына көп уақыт болыпты. Бірақ оның кімге тиесілі екенін ешкім білмейді.

Уақит Қыстаубаев, үй тұрғыны:

- Кіреберіске диван қойып, қоқыс анау-мынау тастау дұрыс емес. Естуім бойынша темекі тастаған дейді. Содан басталған дейді. КСК-ға ақшасын төлеп отырмыз ай сайын.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Біз диванның кімдікі екенін анықтауға тырысып жүргенде жоғарғы қабаттан сарылдап су ақты. Өйткені жалын тілі жаңбыр суын ағызып жіберуге арналған пластик құбырды да зақымдаған екен. Жығылғаға жұдырық деген осы.

Өрт сөндіру бөлімі мен жедел-құтқару жасағының көмегімен 10 қабатты үй тұрғындары түгелдей қауіпсіз жерге шығарылды. 5 бала жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Юлия Горячева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:

- Ауруханаға 5 бала әкелінді, оларды ең үлкені 2009 жылы туған. Ең кішісі 2 жаста. Оларды қарау нәтижесінде ешқандай улану белгілері анықталмады. Сондықтан үш сағаттан кейін барлығы да үйіне қайтарылды.

Жасұлан Жұмашев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Қалған 28 бала мен басқа үлкен тұрғындары өз пәтерлеріне барды. Түнде ана терезелерін ашып, ішіне түтін кірді. Пәтерлер өртенген жоқ. Есіктерінде де ондай жану болған жоқ. Түнде үйлеріне кірді, қазір үйінде.

Жыл басынан бері өңірде тіркелген 166 өрт оқиғасының салдарынан 2 адам қаза болды. 7 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Жаз айларында өрт қаупі күшейе түседі. «Сондықтан сақтық шараларын ұмытпаған жөн», дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазизов, Қанат Сүйіндікұлы

Хабар 24 телеарнасы