427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында бірнеше адам газдан уланып қалды

  • 323
  • UPD: 10:55, 20.05.2020

Қарағандыда әлеуметтік желі арқылы тауар жарнамалап, алдын ала ақша алған соң ізін суытатын алаяқтар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар карантиндік шектеулерден жеке бастың жағдайын жақсартуды көздеген көрінеді. Ал  Маңыстау облысында төрт адам газдан уланып қалды..

Бірнеше тұрғын газдан уланды

Маңғыстау облысында бірнеше адам газдан уланып қалды. Оқиға Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау елді мекенінде болды. Мұндағы №42 үй тұрғындарынан түскен қоңыраудан кейін шұғыл жеткен жедел жәрдем және төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері оларды қауіпсіз аумаққа шығарған. Куәгерлердің айтуынша, төрт адам улы газдан зардап шекті. Медициналық көмекке жүгінгендер болды. Абырой болғанда, ешкім қаза таппаған. Бүгінде оқиғаның себебін анықтау қолға алынған.

Өзгенің мүлкіне зияны тиді

Ақтөбеде көлік жүргізген мас адам аулаға дұрыс кіре алмай өзгенің мүлкін зақымдады. Көпқабатты үйдің аумағына кірген ол шлагбаумды қағып өтіп, автотұраққа қойылған машинаны соққан. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, салдарынан үш көлік бүлінді. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары рөлде болған 50 жастағы жүргізушінің мас екенін анықтаған. Жалпы, өңірде спирттік ішімдік ішіп, көлік жүргізу дерегі азаймай отыр. Жыл басынан бері ондаған темір тұлпар иесі полицияның назарына іліккен.  

Ерболат Сарқұлов, ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Автокөлік жүргізушісі бұрында осындай қылмыс жасап, көлік құралын басқару куәлігінен айрылғандығы анықталды. Қазіргі таңда осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті абақтыға қамалды.

Өтірігі өрге баспады

Қарағандыда өзін «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигімін» деп жалған айтып таныстырған 47 жастағы азамат тұтқындалды. Ол өзі тізгіндеген көлікті тоқтатқан полиция қызметкеріне комитеттегі өзіндік қауіпсіздік департаменті бастығының орынбасары екенін жеткізген. Бірақ лауазымын растайтын құжат көрсетпепті. Нақты кім екенін анықтау үшін жауапты мамандар шақырылып, күдікті көрінген қала тұрғыны полиция бөліміне жеткізілген. Тергеу барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етпейтінін және жалған айтқаны үшін өкінетінін мойындаған. Бүгінде ол мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды. Ол былтыр да алаяқтық жасап, істі болған

Карантинде алаяқтар саны артқан

Қарағанды облысында төтенше жағдай кезінде алаяқтар саны артқан. Карантиндік шектеулерге байланысты өңірде көптеген ірі дүкендердің жұмысы уақытша тоқтатылғаны белгілі. Осыны пайдаланған қылмыскерлер ғаламтор желісі арқылы түрлі тауар ұсынып, талай адамға сан соқтырып жүр. Ақшаны алған соң, ізін суытып отырған. Прокурорлардың айтуынша, екі ай ішінде 120 қылмыс тіркеліпті. Бұл өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 30 процентке жоғары. Сондықтан қадағалаушы орган өкілдері интернет-дүкеннен сауда жасағанда аса абай болуды ескертеді.

Нұрсұлтан Қалдырбай, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

– Қарағанды қаласының тұрғыны «Колесо.кз» сайты арқылы автокөлік бөліктеріне тапсырыс берген. Ол үшін 40 мың теңге көлемінде толық соманы аударған.  Сонымен қоса instagram әлеуметтік желісі арқылы интернет дүкеннен ұялы телефонды алуды ұйғарып, қылмыскерлерге 140 мың теңге аударған тағы бір азамат алаяқтардың құрбаны болды. Бұл екі факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Кінәлі тұлғалар анықталуда.

 

 

Хабар 24 телеарнасы