411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сырдария өзеніне ағып бара жатқан 24 жастағы жігітті құтқарушылар аман алып қалды

  • 97
  • UPD: 08:19, 22.05.2020

Қызылордада карантиндік шектеулер толық алынған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шомылу маусымына да әлі ерте. Бірақ жастар жағы тығылып, қауіпті жағалауларда суға түседі екен. Осыған орай құтқарушылар күнделікті рейд шараларын қолға алып, жүзден астам адамға ескерту жасаған.

Сырдария өзеніне ағып бара жатқан 24 жастағы жігітті құтқарушылар аман алып қалды. Күннің салқындығына қарамастан, қызық қуған бір топ жас дарияны жүзіп өтпек болған. Алайда судың ортасына келгенде жігіттердің бірінің аяғы тартылыпты.

Мейрамбек Доспенбетов, облыстық ТЖД құтқару жасағы бастығының орынбасары:

– Бәсекелеспен арғы бетке біреуі өткен, біреуі өте алмай ортада қалып қойған. Аяқ-қолы тартылып, құтқарушылардан көмек сұраған. Бізге хабарлама түсті. Хабарлама бойынша 3 құтқарушы 1 қайықпен барып жағаға шығардық.

Сырдария өзенінің бойында суға шомылуға рұқсат берілген үш аумақ қана бар. Қалғаны қауіпті. Сол себепті құтқарушылар өзен жағасына ескерту тақталарын орнатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Мамандар өзен жағасына қойылған ескерту тақталарын құлатып, сындырып кететіндер азаймай тұрғанын айтады.

Омар Бержанов, облыстық ТЖД бастығы:

– Рейдтік іс-шаралар күнделікті сағат 11.00-мен 17.00 аралығында өтуде. Тұрғындардың суға шомылуға үйреншікті жерлері көп. Сол жерлердің 64 учаскесі қауіпті болып саналады. Сол 64 учаскеде 110 ескерту тақтайшалары орнатылған. Осындай қауіпті учаскелерді Сырдария өзенінің бойында, басқа су айдандарында анықтау жұмыстарын жүргізудеміз және сол қауіпті учаскелерге ескерту тақтайшаларын орнату жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері 5 адам өзен-көлге батып кеткен. Ал өткен жылы су айдындарында 26 қайғылы жағдай тіркеліпті. Оның 10-ы – бала. Өңірде рейд шаралары басталғалы судағы қауіпсіздікке бей-жай қараған 115 адамға ескерту жасалған. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы